Профессионалдар. Қостанайлық кәсіпкер шиншилла тышқандарынан пайда тауып отыр

20 Тамыз 2022, 11:35
1995
Бөлісу:
Профессионалдар. Қостанайлық кәсіпкер шиншилла тышқандарынан пайда тауып отыр
Фото: автордан

25 жастағы Қостанай облысының Қарасу ауданында тұратын Андрей Лепконың арманындағы кәсіпті іске асыруға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының көмегі тиіпті, деп хабарлайды Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Осы орайда бірден айта кетейік, ерекше тышқандардың бұл фирмасы елміздің аумағындағы екінші ерекше кәсіп көзі болып отыр. Қостанайдағы шиншилла шаруашылығы Қарасу ауданының Жамбыл ауылында орналасқан. Ерекше бастаманы жүзге асыру үшін жас кәсіпкер Андрей былтыр жыл соңында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында мемлекеттен 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, қазір шаруасын дөңгелетіп отыр.

Жас кәсіпкер, Андрей Лепконың негізгі мамандығы заңгер бола тұра, мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып ауылдық жерде бұрын-соңды болмаған кәсіп түрін ашуға тәуекел еткендердің бірегейі.

Мен ғаламтордан шиншиллаларды өсіру туралы ақпаратқа кездейсоқ тап болдым. Содан кейін Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданының тұрғыны Евгений Шмальконың кәсібі туралы мақаланы таптым. Онда оның елімізде алғаш рет шиншиллалардың фермасын ашқан кәсіпкер ретінде айтылыпты. Мен осылайша Евгенийді іздеп таптым. Қазір біз жақын доспыз. Ол маған өз ісімді бастауға көмектесті - дейді Андрей. 

Андрейдің айтуынша, гаранттан алған ол негізгі қаражатты шиншиллаларды сатып алып, ауылына жеткізуге жұмсапты.

Тышқандарды өсіру барысында айтарлықтай қиындық жоқ. Шиншилла  тез өседі. Бір жыл ішінде бір аналық он басқа дейін күшіктейді. Бұл тышқанның түрі көп ауыра қоймайды. Ең бастысы бір қалыпты температураны сақтап, уақытында дұрыс тамақтандырып, қажетті дәрумендерді үзбей біріп отыру керек. Жем үшін көп шығынданбайсың. Бір ересек шиншилланың корегі  жылына небәрі 12 келіден аспайды. Көбіне олар дәнді-дақылдармен қоректенеді. Кейде шөп те беруге болады. Әсіресе, мейіз бен жаңғақты жақсы көреді. Менің басты мақсатым – өзінің қасиеттерімен бағаланатын, ең алдымен жүндері ерекше тығыз, терісі жеңілдігімен ерекшеленетін шиншилла өсіру. Өзінің жылу оқшаулау қасиеттері бойынша шиншилла терісі басқалардан кем түспейді. Шиншилла  терісінен тігілген тондар сирек және өте қымбат, - дейді ауылдық жерде ерекше тышқан өсіріп жатқан жас кәсіпкер.

Андрей былтыр грант қаражатына 12 шиншилла сатып алыпты. Бір тышқан үшін 49 мың теңгеден төлепті.

Кәсіпкердің айтуынша, оның шиншиллалары «стандартты» деп аталатын тұқымға жатады. Енді ол тышқандарын 500 басқа жеткізуді жоспарлап отыр.

Бір ересек шиншилланың нарықтағы құны 55-65 мың теңге. Күшіктерінің өзі 50 мың теңгеден асады. Бірақ шиншилланың терісі өте қымбат. Олардың алақандай бір терісінің өзі мың долларға жуық тұрады. Шиншиллалардың басы көбейді. Күшіктерінің бір бөлігін сатып, ауылда наубайхана ашып, қосымша кәсіпті бастадым,- дейді Қарасулық кәсіпкер.

Өзгелердің жаңалығы