Профессионалдар. Педагог-ассистент

Профессионалдар. Педагог-ассистент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде мектептерде жаңа лауазым енгізілді. Ол - педагог-ассистент. Жалпы педагог-ассистент деген кім? Бұл маманның негізгі міндеттері қандай? 

Бүгінгі мақаламызда педагог-ассистенттерге жүктелетін негізгі міндеттер туралы айтамыз.

Тараз қаласы «Intellectum Тараз» балалар орталығының психологі, инклюзивті балалармен жұмыс жасайтын нейропрактик, нейропсихолог Әсия Сейтжапаров ел психологтарына өткен семинарында жаңа лауазым туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

«Инклюзивті білім беру» ұғымы әділ қоғамның негізін құрайтын тұжырымнан қалыптасқан. Яғни барлық оқушы жеке қасиеттеріне немесе проблемаларына қарамастан білім алуға құқылы.

ЮНЕСКО-ның төңірігінде алып қарайтын болсақ, инклюзивті білім беру дегеніміз – кеңінен қарастырылатын терминнің бірі. Құжатқа тек ерекше қажеттіліктері бар баланы ғана емес, сонымен қатар қиын материалдық жағдайға түскен, шетелден көшіп келген және ортаға бейімделу кезінде өз-өзін ерекшеліктерге байланысты дұрыс сезінбейтін балалар инклюзивті топқа кіріктіріледі.

Қазақстандық жүйеде инклюзивті білім беру – дикриминация формасына тосқауыл қоятын, оқушының білім алуындағы әртүрлі қажеттіліктер мен алуан түрлілігін есепке ала отырып, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған және жалпы білім беруді дамытудың үздіксіз процесі. Психофизикалық дамуында ауытқушылығы бар балалар үшін арнайы сыныпта оқыту Білім және ғылым министрлігі бекіткен тиісті типтегі арнайы оқу жоспары мен бағдарламалар негізінде жүргізіледі, - дейді психолог.

Оның сөзінше, пән мұғалімі, педагог-ассистент, педагог-психолог және әлеуметтік педагог, логопед-дефектологтің жеке бағдарламалары мен оқу жоспарлары болады.

Әр бала мектепке барауға лайықты!

«Ерекше білім беру қажеттілігі бар бала» деген ұғым 2020 жылдан бастап енгізілді. Оған дейін «инклюзивті бала», «мүгедек бала» деген ұғымдар пайдаланылатын. Енді мұндай балаларды «ерекше» балалар деп айта аламыз, - дейді Әсия Сейтжапаров.

Ерекше білім беру қажеттілігі (ЕБҚ) – бұл көптеген дамыған елде кеңінен таралған түсінік. Өйткені инклюзивті білім берудің принципіне сәйкес әр оқушының жемісті білім алуы үшін барлық жағдайды жасауға мектептің назарын аударады. Елімізде ЕБҚ бар балаларға денсаулықтарына байланысты арнайы жалпы білім берудің оқу бағдарламалары мен қосымша білім беру бағдарламаларын қажет ететін білім алуда тұрақты немесе уақытша қиындықтары бар тұлғалар жатады.

Мұндай тұлғаларды қалай анықтауға болады? Оларды әрине мектеп емес, ПМПК анықтайды. Егер ПМПК-ның анықтамасы болмаса, онда мектеп кеңесі баланың ауытқушылығын көрсе, одан бөлек, ата-анасы ПМПК-ға барудан бас тартса және бала оқу материалын мүлде меңгермесе, онда мектеп не істеуі керек? Біріншіден, педагогикалық-психологиялық қолдау ұжымын құру керек. Оның құрамына педагог-ассистент, пән мұғалімдері, педагог-психолог, әлеуметтік педагог және педагог-дефектолог кіреді. Осы кеңес баланың ерекшелігін анықтап, ПМПК-ға жібере алады, - деп түсіндірді маман.

Оның сөзінше, ерекше баламен жұмыс істеу үшін педагог алдымен баланың ата-анасынан хат алып, олардың өзімен жұмыс істеуі керек. Осындай ұзақ процесс болмас үшін, мұғалімнің қолында ПМПК-ның құжаты, ұсынысы болғаны дұрыс.

Инклюзивті процестерді іске асыратын заманауи мектеп толерантты қоғамның және жоғары инклюзивті мәдениеттің нышаны бола отырып, ең алдымен толығымен және сөзсіз инклюзивті білім берудің сегіз негізгі принципін қабылдап сақтауы қажет: 

1. Адам құндылығы оның қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталмайды. 

2. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті. 

3. Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы. 

4. Барлық адам бір-біріне қажет. 

5. Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады. 

6. Барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді. 

7. Әрбір оқушы үшін жетістікке жету - өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру. 

8. Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді. 

Тьютор деген кім?

Батыстық үлгілерде командалық тәсілдеменің «екеулеп оқыту» түрі жиі пайдаланылады, бұл әдеттегі мұғалім мен мұғалім ассисентінің арасында тығыз байланыс орнатуды қарастырады. Бұндай тәсіл ерекше білім беруге қажеттілігі бар баланың жеке бағдарламасының мазмұнын барынша сапалы қалыптастыруда өзара жауапкершілікті бөлісу жүйесін құрастыруға көмектеседі. 

Біздің пікірімізше, жұмыстың бұндай түрі өте өнімді, себебі бұл жағдайда командалық тәсілдемені жүзеге асыру жалпы және арнайы білім беру элементтері құрамдасатын икемді оқу бағдарламасын қалыптастыруға негіз болады, бұл бір жағынан мүмкіндігі шектеулі баланың жеке қажеттілігін, ал екінші жағынан бала меңгеруге тиісті оқу пәнінің мазмұнын есепке алуға мүмкіндік береді. Инклюзивті сынып жағдайындағы тьюторлық  қолдау ретіндегі талдаудың  технологиялық  бірлік көрсетікшінің  рөлін  сипаттай отырып, батыстық зерттеушілер Т.Е. Смит, Г. Банч және Д. Митчелл тьюторды (арнайы мұғалім) тиімді инклюзивтік білім беруді құрудың жетекші субъектісі ретінде анықтайды, - деп айтты психолог.

Ол атағандай, қазақстандық мектептерде педагог-ассистент мамандары жұмыс істейді.

Инклюзияны қолдау кабинеті (ИҚК) дегеніміз не?

ИҚК – бұл оқу қиындықтары бар балалардың қажеттіліктеріне сәйкес қосымша көмек ала алатын мектеп ғимараты.

ИҚК жағдайында оқу және түзету процестерін ұйымдастыру жекелендірілген болғандықтан, оған әртүрлі жалпы білім беру сыныптарындағы әртүрлі жастағы балалар қабылданады.

Педагог-ассистент дегеніміз кім?

2019 жылдан бастап білім беру басқармасының ұйғарымымен мектептерге жаңа маман иесін тағайындау туралы шешім қабылданды. Ол маман – педагог-ассистент. Бұл мамандық бойынша педагогикалық білімі және арнайы педагогикалық білімі бар маман жұмыс істей алады. Педагог-ассистентті ПМПК тағайындайды. Бірақ барлық ерекше білімді қажет ететін балаға тағайындай бермейді. Сондай-ақ бұл жаңа мамандық болғандықтан барлық мектепке енгізілмеген, - дейді маман.

Педагог-ассистенттің қызметін ұйымдастыру - инклюзивті білім беру процесінің жалпы құрылымындағы ажырамас құрамдас бөлігі. Педагог-ассистенттің негізгі қызметтік міндеті - оқу процесінде баланы қолдау, оған оқу бағдарламасын меңгеруде балаға көмектесу, сонымен қатар ЕБҚ бар балалармен жұмысты ұйымдастыруда мұғалімге көмектесу жатады. 

Педагог-ассистенттің ЕБҚ бар баланы қолдауы педагогикалық практикада жеке бағдарланған, тұлғалық-бағдарланған тәсілдерді жүзеге асыру үшін кең мүмкіндіктер береді. 

Қандай балаларға педагог-ассистент тағайындалады? 

Педагог-ассистент мынадай бұзылыстары бар балаларға бекітіледі:

- партада отыра алмайтын, ары бері жүре беретін, сыныптан шығып кету қаупі бар;

- өздігінен сабаққа дайындала алмайтын, керекті оқу құралдарын таба алмайтын, сынып жұмысына қатыса алмайтын, жазу, оқу қиындықтары бар;

- мінез-құлқында бұзылыстары бар, өзімен-өзі отырып айқайлайтын, жылайтын, жанындағы балаларға кедергі келтіретін, дәптер, оқулықты жыртатын, мұғалімге кедергі келтіретін (сөзін қайталап, жанына жақындаса ұрып, заттарын ақтарып т.б.), түкіретін, терезеге, үстел үстіне секіретін, партаның астына кріп жатып алатын т.с.с ерсі қылықтары бар.

Осы аталған балаларды мектеп ережесіне, сынып тәртібіне бейімдейтін, оқу үрдісіне қатысу дағдыларын үйрететін адамның болғаны қажет. Міне осы жұмысты педагог-ассистент атқарады.

Егер баланың мінез-құлқында айқын бұзылыстары болмаса, тек оқу үрдісінде проблема болса, онда педагог-асситент бірден баламен сыныпқа кіріп отырады. Ал егер балада мінез-құлық бұзылыстары болатын болса, бірден сыныпқа кіруге болмайды. Баламен жеке жұмыс жүргізіп алған жөн. Ол жұмыс психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету кабинетінде жүргізіледі. Бұл жағдайда ең алдымен баламен қарым-қатынас орнатып алу маңызды. Педагог-ассистенттің нұсқауларын, оның үйреткен тәртіп ережелерін орындау. Оның ескертулерін құлақ түріп тыңдай білуге және ұсынған тапсырмаларын қабылдап, орындай білуге үйренуі тиіс. Өйткені жеке сабақта педагог-ассистентпен үйренген дағдыларын бала жалпы сыныпта қолдана білуі керек, - деп толықтырды Әсия Сейтжапаров.

Педагог-ассистент балаға тәртіп ережелерін құрастырады. Сабақта отыру тәртібі, мектеп ішінде жүру, балалардың ортасында өзін ұстау ережелерін балаға күнделікті айтып, визуалда түрде көрсетіп отыру арқылы оның бойына сіңіру қажет. Ереже міндетті түрде күнде оқылады, айтылады. Осылайша бала мектептегі тәртіпті ұстануға дағдыланады.

Ережелерді орындауға машықтана бастаған баланы біртіндеп сыныпқа апаруға болады және жеке сабақта үйренген ережелерді сыныпта көрсетуін педагог-ассистент қадағалайды.

Педагог-ассистенттің ендігі мақсаты бала мен мұғалімнің арасындағы қарым-қатынасты орнату. Өйткені педагог-ассистент оқушының жанында уақытша жүрген көмекші. Ол баланың сыныпта өз бетімен отыруына, сынып жұмыстарына өз бетімен қатыса алуына, мұғалімді тыңдап, оның көмегін, мадағын қабылдай білді үйренуіне барынша күш жұмсауы керек. Оның басты мақсаты - балаға керексіз болып қалу, - деп айтты психолог Әсия Сейтжапаров.

Жалпы сынып жағдайында арнайы әдістерді қолдануға болады. Олар – «кіші қадамдар», заттық қызмет пен көрнекі құралдарға, «сөйлеу тілін жандандыру», заттық және ақыл-ой әрекетіне «алдыға қарай жылжу», меңгергенді үзбей қайталау, меңгерілген ұғымды салыстыру және қарама-қайшы қою амалдарын қолдану және т.б. Бұл әдістер сыныптың басқа оқушыларына да оқу материалдарын жемісті меңгеруге септігін тигізеді.

Педагог-ассистенттің міндеттерінің бірі - мұғалімге баланы қабылдауға көмектесу.

Мұғалім бұрын соңды бұндай баламен жұмыс жасап көрмегендіктен бойында қорқыныш, үрей, абыржу сынды сезімге түседі. Сол сәтте жанына қолдау көрсететін, бағыт-бағдар беретін немесе бірлесе отырып мәселені шешетін адам табылса, көңілі орнына түсіп, қорқынышы сейіле түсетіні анық. Педагог-ассистент мұғалімге алдын ала сабақтан бұрын немесе жұмыс соңында келіп, алдын ала келер сабақтың жоспарын, тақырыбын, қолданылатын құралдар мен тапсырмаларды талқылайды. Ондағы мақсат балаға берілетін ақпаратты өзгерту, жеңілдету, қысқарту, - дейді ол.

Сөзінше, осы жайттарды талқылағаннан кейін педагог-ассистент тапсырмаларды, қолданылатын құралдарды дайындап, мұғалімге алып келеді. Сабақ барысында мұғалім балаға даяр тапсырмалар мен құралдарды ұсынады.

Бала үшін сыныптағы ең басты адам ол - мұғалім. Қандай шешім болмасын, ол мұғалімнен келу керек. Мұғалім баланы шеттетпеу керек, «ол менің оқушым емес, педагог-ассистенттің оқушысы» деген түсінік болмау керек. Егер мұғалім осындай көзқараспен қарайтын болса, онда оның ұстаздық құзіреттілігінің жоқтығы, бір сөзбен айтқанда «мұғалім» деген атқа лайықсыз адам болып есептеледі. Қандай бала болмасын алдыңызда отырған - сіздің оқушыңыз, - дейді Әсия Сейтжапаров.

Психолог атағандай, педагог-ассистент сабақ барысында балаға көмектесе отырып, үнемі баламен мұғалім арасын байланыстырып отырады. Мұғалімге баланың жауап беруге дайын екенін немесе тапсырмасын аяқтағанын ыммен білдіріп, мұғалімнің жанына келіп баланың жұмысын көруін қадағалайды. 

Керісінше мұғалім ыммен педагог-ассистенттен оқушының қаншалықты тапсырманы орындай алып жатқанын, қаншалықты жауап беруге дайын екендігін сұрап біліп отыруы қажет. Оқушыға тапсырманы орындап болғананын, жауап беруге дайын екендігін мұғалімге білдіру үшін қол көтеруге үйретеді. Сыныптан шығу үшін, кіру үшін үнемі мұғалімнен рұқсат сұрауға дағдыландырады. Егер баланың сөйлеу тілінде бұзылыстары болатын болса, карточкалар қолдануға үйрету керек. Карточкаларда бейнемен немесе жазумен баланың қажеті көрсетіліп тұру тиіс. Бала айтқысы келгенін карточканы мұғалімге көрсету арқылы жеткізеді. Осылайша мұғалім оның не талап етіп тұрғанын түсінеді, - деп түсіндірді ол.

Мұғалім міндетті түрде сабақ барысында ерекше білімді қажет ететін балаға кем дегенде екі рет назар аударып, оны тапсырманы жақсы орындағаны үшін, тіпті болмаса жақсы отырғаны үшін мадақтап отыруы қажет. Сол арқылы баланың сабақ оқуға деген, сыныптастарының ортасында отыруға деген ынтасын еселей түседі.

Бөлісу: