Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. №1 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасының трансплантолог-дәрігерлері рекорд жаңартты. Аурухананың трансплантолог-дәрігерлер командасы 5 сағат 48 минут ішінде туысаралық бауыр алмастыру отасын жасады. Білікті мамандардан құралған команда аурухананың әлемдік деңгейге сай екенін тағы дәлелдеді.
Бұрын мұндай ота 13 сағаттан 18 сағатқа дейін созылатын. №1 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасы – трансплантация жасаумен белгілі, бауыр мен бүйрек алмастыру операцияларын күні бүгінге дейін сәтті жасап келе жатқан аймақтағы алғашқы, әрі жалғыз аурухана. Ағза ауыстыру тақырыбы қашан да қызық, әрі көпшілік әлі де біле түсуі тиіс мәселелер көп. Сондықтан осы ауруханаға қарасты №3 хирургия бөлімінің дәрігері, белгілі хирург-трансплантолог Рахымжан Умбетжановпен әңгімелестік.
- Рахымжан Жолдыбекұлы, сұхбатымызды жоғарыда айтылған жаңалықты тарқатудан бастайық. Сіздер 6 сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде бауырын алмастырған емделуші кім?
- Бұл жолғы емделуші 1981 жылы туған азамат. Ол тоғыз жылдан бері гепатиттің Б және Д түрімен ауырады. Бірнеше рет Алматыда және Нұр-Сұлтанда емделген. Алматыда оның зәр шығару жүйесінде тас болғаны себепті бір айдан кейін келуге кеңе етіп, трансплантация жасаудан бас тартыпты. Содан кейін Шымкенте де бауыр алмастыру отасын жасайтынын естіп, осында келіп, толық тексеруден өтті. Дәрігерлер оны бауыр алмастыру отасына дайындады. Қиындықтар да ұшырасты. Дәлірегі, науқастың бауыр ферменттері жоғары еді. Ол отаға дейін ауруханада жатып, емделді. 1985 жылы туған жиені донор болды. Бауыр алмастыру отасын ауруханамыздың трансплантолог-дәрігерлер командасы, атап айтқанда бас дәрігер Абылай Донбай бастаған Тайбек Садықов, Сәбит Байтеміров, Дәурен Қабылов, Ұлжан Мұханова және мен жасадым. Мұнда айта кетерлігі, бас дәрігер Абылай Дөңбай - Қазақстанға танымал трансплантолог, әрі бауыр мен бүйрек ауыстыру операциясын өз бетінше үйренген еліміздегі бірден-бір дәрігер екенін айтып өткенім жөн.
- Әдетте хирургтер мастер-класс арқылы трансплантация жасауды үйренеді ғой. Ал Абылай Әбдіжаппарұлының өз бетінше транcплантацияны меңгеруіне не себеп болды?
- Абылай Дөңбай Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын бітіргеннен кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 қалалық ауруханасында шұғыл медициналық көмек көрсететін хирургия бөлімінде істеп жүргенде, бауыр циррозы диагнозымен түскен науқасты құтқару үшін түнімен жүгіріп, қан тоқтатуға барын салады, асқазанын жуады. Сол кезде ол осы бауыр циррозына қандай ем барын білуге, қандай да бір тосқауыл қоюға бел буған еді. Сөйтіп, Мәскеудегі Н.В.Склифосовский атындағы жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институтының бауыр трансплантациясы орталығында ординатурадан өтіп, туыстық және мәйіттік донорлық арқылы трансплантация жасауды үйреніп, кейін Оңтүстік Кореяда білімін шыңдады. Ол екінші өмір сыйлаған оның пациенттерінің қатарында шетелдіктер де бар.
- Енді бауыр отасынан қазір жиі кездесетін бүйрек жетіспеушілігі диагнозына ойыссақ. Жалпы осы бүйрек ауруының туындауына себепкер не? Өзіңіз жақсы білесіз, қазір жастар арасында да созылмалы бүйрек жетіспеушілігі жиі тіркеледі.
- Ең басты себебі, ангинадан бастау алады. Бұл стрептококк қоздырушы қан арқылы бүйрекке жетеді. Сосын ағзада антитела бөлініп, инфекцияны жоюға әрекет еткенде, бүйректі зақымдайды. Мұны гломерулонефрит деп атайды. Қазіргі таңда біздің өңірдегі жастардың 70 пайыздан астамы созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан. Ал аурудың алдын алу үшін адам кішкене кезінен бастап, егер жылына үш мәрте тамағы ауырса, тез арада тамақ безін алып тастау керек. Яғни, соңы бүйрек ауруына ұласып, бүйректі алып тастайтындай жағдайға жеткізбес үшін міндетті түрде осылай істеген жөн. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 700 адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұр және олардың саны күн санап артып келеді. Күнара диализге келетін науқастар арасында өздеріне донор тапқандары бізде толық тегін тексерілуден өтіп, тегін операция жасаймыз. Яғни, күту парағынан алып тастап, туыстық донор арқылы бүйрегін ауыстырамыз. Бізде мәйіттік донор арқылы бүйрек ауыстыру дамымаған, сондықтан күту парағында науқастар жылдап кезекте тұрады. Ал мәйіттік донор туралы айтар болсақ, егер бір адам қайтыс болса, ол жеті адамды құтқарып қалады. Көз қарашығы, өкпе, жүрек, ұйқы безі, екі бүйрек және бауыр ауыстыруға қолайлы ағзалар қатарына жатады. Бауырды тіпті екіге бөліп, екі адамның өмірін құтқарып қалуға болады.
- Рахымжан Жолдыбекұлы, өзіңіз трансплантация жасауды кімнен үйрендіңіз, қай елдің тәжірибесіне сүйенесіз?
- Мен С.Ж.Асфендияров атындагы Қазақ Ұлттық Медицина Университетiн хирургия мамандығы бойынша аяқтап, кейін Белоруссияда оқыдым, трансплантация бойынша Минск қаласындағы №9 клиникада ординатурадан өттім. Маған ұнағаны, ол жақта мәйіттік донор 98 пайыз дамыған. Яғни, күніне 4 бүйрек және 1 бауыр ауыстыру дағдыға айналған. Барлығы дұрыс жолға қойылған. Белорусь елінің заңы бойынша адам тірі кезінде қарсы болмаса, онда қайтыс болғанда, ешбір өтеусіз, қайтарымсыз донор бола алады. Ал қарсылық танытқандарды кейін өмірден өткеннен соң ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ 9 миллион халқы бар Белоруссия мемлекетінде мәйіттік донор болуға бар-жоғы 2000 адам қарсылық танытқан. Ал қалғандары түгел келіскен. Қарсылық танытқандарға ескертеді екен, егер ағза ауыстыру қажеттілігі туындаса, оларға ешкім көмектеспейді. Бірақ дәрігерлер бұған қарамастан, бәрібір медициналық көмекті көрсете береді.
- Қазақстандық дәрігер ретінде өзіңіз мәйіттік донорға қалай қарайсыз? Біздегі қазіргі жағдай қандай?
- Солтүстік өңірлерде бүгінде мәйіттік трансплантация жасалып жүр. Егер адам қайтыс болса, оның жеті адамға өмір сыйлайтындығы туралы түсінік ол жақта дұрыс қалыптасқан. Ал Оңтүстікке келсек, мәйіттік донор арқылы трансплантация мұнда тек бір-ақ рет қана болды. 2017 жылы 25 жастағы кореялық азаматшаны көлік қағып кеткенде, миы жарамай қалған, бірақ дер кезінде келген «жедел жәрдем» тыныс алу үшін интубация жасап, мәйіттік донорлық жайында ата-анасына айтқанда, олар бұл жайдан хабардар екен, бірден келісімдерін берген. Сөйтіп 7 шымкенттік тұрғынға транcплантация жасалды. Яғни, қайтыс болған кореялық азаматша 7 адамға өмір сыйлап кетті. Бәрі де бүгінде тұрақты түрде тексеріліп тұрады. Денсаулықтары жақсы.
- Айтыңызшы, бізде неге мәйіттік донор дамымай келеді. Әлде діни көзқарас тұрғысынан алғанда, бұл дұрыс емес пе?
- Мәселен, Сауд Арабиясында жылына 300 операция мәйіттік донор арқылы жасалады. Ең дінге берік деген елдің өзінде трансплантация осындай дәрежеде. Тіпті мәйіттік донор деген дұрыс емес деп Құранда да жазылмаған ғой. Өз басынан өткерген адам ғана денсаулықтың қадірін біледі. Таяуда ғана 1972 жылғы азаматтың бүйрегіне трансплантация жасадық. Ол он жыл бойы күнара диализге баратын. Оған 1998 жылғы баласы донор болып, бір бүйрегін берді. Сөйтіп, он жылдан соң өздігінен дәрет сындырған әлгі азаматтың «бақыт деген осы екен ғой» деген сөзі, бәлкім, көпшілікке ой салар.
- Бірақ үнемі туыстық донор табу оңай емес қой. Оның үстіне бұл қашанға дейін созылмақ?
- Міне, біздегі өзекті мәселе – донорлық. Егер мәйіттік донор дамитын болса, күнде трансплантация жасауға дайынбыз. Сонда қаншама адамды өлімнен құтқарып, қаншама адам отбасына оралып, мемлекетімізге пайдасын тигізген болар еді. Бүгінде біздің ауруханада трансплантация әлемдік деңгейде жасалады. Бұған ағзаларын ауыстыруға Израиль, Австрия, Украинадан келген шетелдік азаматтар дәлел. Олардың келу себебі, бізде операция арзан тұрады, сондай-ақ кезек аз.
Айта кету керек, біздің дәрігерлер туыстық донор арқылы да, мәйіттік донор арқылы да трансплантацияны жасай береді. Бірде итальяндық әріптестер ағза алмастыру бойынша мастер-класс өткізуге келген болатын. Бірақ олар тек мәйіттік донор бойынша ғана жасай алатын болып шықты. Содан біз Астанадан Абылай Дөңбайды шақырдық. Ол сол кездері қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 ауруханада жұмыс істейтін. Сөйтіп, туыстық донор арқылы операция кезінде Абылай Әбдіжаппарұлына шетелдік әріптестер тек ассистент болғаны бар.