Профессионалдар. Электрик Гүлмира

8 Наурыз 2023, 18:45
2239
Бөлісу:
Профессионалдар. Электрик Гүлмира
Фото: автордан

Бұл күнде Қостанай қаласында ерлермен қатар ауыр да, жауапты қызмет атқарып жүрген нәзік жанды арулар жетерлік, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.

Солардың бірі – қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз етіп отырған мекемеде адал қызмет атқарып келе жатқан Гүлмира Көбеева есімді қаршадай қазақ қызы.

Гүлмираның негізгі міндеті – қаланың әрбір ғимаратындағы адам миына кіріп шықпайтын схемалардың, желілер мен жүйелердің, коммутаторлардың тұрақты жұмыс істеуін көз жазбастан бақылау. Аяқ астынан болатын апаттық жағдайдың алдын алу. 

Жалпы энергетика саласында қызмет ететін мамандар жұмыс барысында екі бағытқа бөлінетінін біреу білсе, біреу білмес. Олар істен шыққан желі мен электр құрылғыларын жөндеумен айналысатын бригадалар болса. Екіншісі көз алдында тізілген қалың сандардан тұратын экрандар арқылы мекеме жауап беретін құрылғылардың жұмыс барысын бақылап, минут сайын есеп беру. Біздің кейіпкеріміз соңғы мамандық бойынша талай жылдан бері қалтқысыз жұмыс істеп келеді.

Гүлмира Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы Сокол ауылының тумасы. Кейіпкеріміздің бала кезден бергі арманы мұғалім болу екен. Тіптен, мектептегі білім берген ұстаздары оның болашақта мықты мұғалім болатына зор сенім артыпты. Бірақ 2003 жылы мектеп бітіріп Қостанайға келген бойжеткеннің таңдаған мамандығы мүлдем басқа арнаға бұрылады. Осылайша ол «Метрология, сертификаттау, стандарттау» мамандығы бойынша колледжге түсіп, студент атанады. Осылайша, Гүлмира өзі армандаған мамандығын табан астында өзгертуге шешім қабылдайды.

Ата-анам қолдау көрсетті. Алдымен осы мамандық бойынша мен колледжде, кейін жоғарғы оқу орнында оқыдым. Содан кейін екінші жоғары оқу орнының заңгер мамандығын аяқтап диплом алдым. Бірақ, заң саласында әлі жұмыс істеген жоқпын. Себебі, жаным қаламады. Мен метрология бойынша алғашқы түйіндемемді 2008 жылы қаладағы жылу мекемесіне жібердім. Сол жерден мені жылу электр орталығына жұмысқа қабылдады. Міне осы жерде қызмет етіп жатырмын, - дейді Гүлмира.

Гүлмира 15 жылдан бері жылу электр орталығындағы құрылғылармен жұмыс істеп, оларды ауыстырып, ленталарды созып, күрделі ақаулар туралы жоғары дәрежелі электриктерге хабарлап отырады. Гүлмираның өзі де электр жүйесі бойынша үшінші категорияға ие. Оның учаскесінде 11 адам жұмыс істейді. Солардың екеуі ғана - әйел адам.

Біздің ұжым жақсы жұмыс істейді. Әріптестерімнің бәрі жауапты мамандар болғандықтан бір-бірімізге сене аламыз. Маған әйелдерден гөрі ерлер командасында жұмыс істеу ұнайды. Себебі, мұнда ешқандай қажетсіз әңгіме жоқ, – дейді Гүлмира.

Өзгелердің жаңалығы