Геологтар күні – жер қойнауын зерттеп, пайдалы қазбаларды іздестірумен айналысатын мамандардың кәсіби мерекесі. Бұл күн геология саласының маңыздылығын атап өтіп, табиғи ресурстарды игерудегі ғалымдар мен мамандардың еңбегін құрметтеуге арналған. Қазақстанда бұл мереке сәуір айының бірінші жексенбісінде аталып өтеді. Геологтардың еңбегі ел экономикасының дамуына зор үлес қосып, өндіріс пен ғылымның өркендеуіне негіз болады.
BAQ.KZ тілшісінің бүгінгі кейіпкері 38 жыл тәжірибесі бар Рахат Көкеева. Ол Абай облысындағы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының геологы.
Baq.kz: Салаға қалай келдіңіз? Геология сізге несімен ыстық? Саланың ерекшелігі жайлы айтып беріңізші...
Рахат Көкеева: Мен осы салада 1986 жылдан бастап қызмет ете бастадым. Оқу бітіргеннен кейін Қарағандыдағы Қарағайлы кен байыту комбинатында жұмыс істедім. Кейін тұрмысқа шыққаннан кейін 1993 жылы қазіргі Абай облысындағы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнына орналастым.

Бұл жерде күні бүгінге дейін еңбек етіп келе жатырмын.

Бұл салада тек қазақстандық компания ғана емес, шетелдік компаниялармен де жұмыс істедім.
Әр саланың өзіндік жеңілдігі де, қиындығы да болады. Оған әр адам өзінің төзімталдығымен, саланы жақсы көргенінен кейін шыдайды. Жалпы қай салада қызмет етсең де, шыдамдылық керек.
Baq.kz: Геология, тау-кен дегенде көз алдымызға ер азаматтардың жұмыс істеп жатқанын елестетеміз. Десе де сіз нәзік әйел адамсыз, бұл салаға қалай келдіңіз?
Рахат Көкеева: Мен кішкентайымнан геологиялық ауылда геологтардың ортасында өстім. Онда тек ер-азаматтар ғана емес, әйелдер де болды. Менің әкем де, әкемнің бауырлары да геологтар. Сондықтан жастайымнан осы салада жұмыс істегім келді. Бірақ ол кезде бұл қызметтің қиындығын түсінбейтінмін. Десе де, «геологияға оны жақсы көргендіктен келеді» деп жатады. Мен дәл осы себептен келдім. Алайда қандай қиындыққа кездессем де, оған төтеп бердім.

Менің жолдасым да геология саласында еңбек етеді. Енем де осы салада істеген. Жалпы әулетіміз осы саланың мамандары. Жақындарымызбен ортақ қызығушылығымыз көп болып, бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп отырдық.
Үш қызым бар. Біреуі есепші, екіншісі мұғалім, бірақ кіші қызым геологияға келгісі келетін. Бірақ «геология саған арналмаған сала» дедім. Өйткені біз оқу бітіріп, тәжірибеден өтуге барғанда топта 28 студент болды. Бірақ оның тең жартысы, яғни 14-і оқу бітпей, кетіп қалды. Өйткені шыдамдылық керек. Практикадағы қиындыққа бәрі төзе бермейді. Оған қоса күннің 40 градус ыстығында арқасына ауыр сөмкені арқалап алып, тау-таспен жүруге бәрі шыдай бермейді. Кейбіреуі оны романтика деп ойлауы мүмкін. Иә, романтика. Бірақ қиындығы бар екенін ұмытпау керек. Соған төтеп беру керек.
Baq.kz: Геологтар немен айналысады?
Рахат Көкеева: Геологтар барлау жұмыстарымен айналысады. Далада, учаскеде бұрғылау жұмыстарының құжаттарын жасап, оны зерттейміз. Біз жұмысты бастаған кезде тек дала журналы ғана болатын. Соған зерттеудің барлығын жазатынбыз. Мысалы, қай жерде қандай тас жатыр, оның жарықшалары қандай – бәрін зерттеп, жазамыз. Кейін оны зертханаға жібереміз. Содан кейін барып зертхана оның құрамында қанша алтын бар екенін – бәрін көрсетіп береді. Осыдан кейін осы учаскенің жұмысын дамытып, ауқымды барлау жұмысын жүргіземіз.
Ең бастысы – жұмысты біз бастаймыз.
Baq.kz: Геолог болу үшін адамға не керек?
Рахат Көкеева: Меніңше, ол мамандықты сүю керек. Жақсы көрсең, бәріне төзе білесің, білмегеніңді үйреніп, өзіңді дамыта бергің келеді.
Менің қасымда өте мықты мамандар, тәлімгерлер болды. Олар маған білмегенімді үйретті.
Жастарға жиі қателік жібере бергенше, бір рет қателесіп, қалай дұрыс істеу керегін ұялмай сұрап алу керегін үнемі айтып келемін. Сондықтан білмегенді сұрап, үйренуден қашпау керек.
Мен өзімнің тәлімгерлеріме әлі күнге дейін басымды иемін.
.jpeg)
Baq.kz: Тәжірибелі маман ретінде геология саласына келгісі келетін жастарға қандай кеңес бересіз?
Рахат Көкеева: Геологияға барғысы келетін адам – ол мамандықты сүюі керек. Мамандыққа деген махаббат болса, адам бәріне төзе біледі.
Қазір геология бұрынғыдай емес. Біздің кезіміздегідей құжатнаманы қолмен жасамайды, бәрі автоматтандырылған. Жеңіл. Бұрын біз 12 сағат бойы далада отыратынбыз.
Бүгінде барлауға қажетті құрал-жабдық, технологияның бәрі бар.
Baq.kz: Кәсіби мерекеңізге орай марапатталдыңыз. Қандай сезімдесіз?
Рахат Көкеева: Геологтар күніне орай алған марапатым мен үшін өте бағалы, үлкен марапат. Министр бұл марапат Президенттің қолдауы екенін айтты. Мен марапат аламын деп ойламадым. Мен үшін тосын сый болды.

Baq.kz: Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!