Президенттің БҒМ-ді бөлуі әлемдік тәжірибе – Көшкімбаев

2 Маусым 2022, 16:32
1873
Бөлісу:
Президенттің БҒМ-ді бөлуі әлемдік тәжірибе – Көшкімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл пікірді Президент жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Cанат Көшкімбаев айтты. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Білім және ғылым министрлігін бөлу ұсынысы әлемдік тәжірибеге негізделіп отыр. Себебі, орта білім мен мектепке дейінгі білім беруді жеке сала ретінде қарастыруға болады. Бұл сала қаражат пен қажырлы еңбекті көптеп қажет етеді. Бұл саланың мамандарын да  жекелей қарастыруға болады. Ал жоғары білім ол көбірек ғылымға жақын, - деді Cанат Көшкімбаев. 

Санат Көшкімбаевтың айтуынша, қазіргі өркендеген мемлекеттердің жүйесі инновацияға мен жаңа идеяларға негізделген. Сол себепті бұл өзгеріс еліміздің ғылым саласындағы потенциалын арттыру үшін жасалған қадам екенін түсіну қажет. 

Жоғары білімнің маңызы зор. Оған айрықша көңіл бөлінуі керек. Жоғары оқу орнында оқитын студенттер өз саласының дамуы мен мамандығын тәжірибе жүзінде жақсы меңгеруі тиіс. Министрліктің бөлінуі бір жағынан қоғам арасындағы кәсіби ғалымдардың іріктелуіне мүмкіндік береді. Жалпы, ғылым саласында қазіргі таңда 22 мыңнан астам ғалым мен зерттеушіміз бар. Меніңше, өз экономикасын түрлендіріп, дамытқысы келген мемлекет үшін бұл аздық етеді. Мәселен, Испанияда ғылым және инновация министрлігі бар. Мұндай министрлікті дамыған елдер инновация саласындағы өндірісті жақсарту үшін пайдаланады. Ал ол жоғары білім базасында қалыптасады. Біз шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, өз ғылыми саламызды бейімдеу үшін жасалып жатқан реформа десек болады, - дейді  Президент жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы