Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Руслан Желдібай Президенттің баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Сұлтанұлы Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды, - делінген хабарламада.
Руслан Желдібай 1989 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Қазақ экономикалық университетін бітірген.
Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін және Warwick университетін (Ұлыбритания) жобалық басқару (MSc Programme and Project Management) мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» стипендиясының иегері.
Еңбек жолын «Азамат» бағдарламасының жүргізушісі («Хабар» агенттігі, «Ел-Арна» телеарнасы) ретінде бастады.
2011-2012 жылдар аралығында - журналист, «Алаң» саяси ток-шоуының жүргізушісі, «Қазақстан» ұлттық телекорпорациясы.
2012-2018 жылдар аралығында - «Оңтүстік Астана» телерадиокомпаниясы» АҚ-да бөлім жетекшісі, бас продюсер.
2018 жылдан 2019 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің Интернет кеңістікте және әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыс жүргізу басқармасының басшысы.
2019 жылдың ақпан айынан бастап - Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің Интернет кеңістікте және әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыс жүргізу басқармасының басшысы.
2019-2020 жж – Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары.
2020 жылғы мамырдан қазіргі уақытқа дейін – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген.