Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенттігіне үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген. Ол 19 қате жіберген. Мұндай қорытындыны бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанынан құрылған ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия шығарды.
Лингвистикалық комиссияның мүшесі, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов комиссия отырысынан кейінгі тілшілердің алдына шығып, қорытынды мәлімдеме жасады.
«Бүгін «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды. Үміткер үш тапсырамаға берілген уақытты толық пайдаланды. Ол алдымен, «Мемлекет және дін» деген тақырыпта жазбаша жұмыс жазды. 1,5 сағат отырғанымен, тақырыпты мүлдем аша алмаған. Одан кейін мәтін оқуға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының екінші бөлімін таңдап алды. Бұл өзі әуезді, ұлы шығарма ғой. Соны дұрыстап оқып бере алмады. Ал үшінші кезеңде «Ырыс алды – ынтымақ» деген тақырыпта сөз сөйледі. Бірақ жауабына қанағаттанған жоқпыз. Жазба жұмысында 19 қате жіберген. Бұл – өте көп. Сөйтіп, лингвистикалық комиссия Жұматай Әлиевті мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытынды шығарды», - дейді Әділ Ахметов.
Айта кетейік, Жұматай Әлиев мемлекеттік тілдегі емтиханнан сүрінген алғашқы үміткер. Бұған дейін кандидаттардың барлығы бұл сынақтан өткен болатын.
Жұматай Әлиев 1952 жылдың 20 маусымда Жамбыл облысында дүниеге келген.
Білімі жоғары: Ленинград мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, философ, экономист. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ӘҒА академигі, ХАА академигі.
Университетті бітіргеннен кейін Алматы мемлекеттік медицина институтында мұғалім болып еңбек еткен.
1977-1982 жылдары ҚЛКЖО Алматы қалалық комитетінің нұсқаушысы, ҚЛКЖО Фрунзе аудандық комитетінің екінші хатшысы, ҚКП Алатау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған.
1982-1983 жж – Алматы қалалық сүт зауытында аға технолог- инженер, бас инженердің орынбасары.
1983-1997 жж – Алматы сәулет және құрылыс институтында аға оқытушы, Алматы мал дәрігерлік институтының әлеуметтік-экономика пәндері кафедрасының меңгерушісі, ҚазМАУ гуманитарлық даярлау орталығының басшысы.
1997-2001 жж – Орталық Азия университетінің президенті, ректоры.
2001-2008 жж – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халықтары Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары.
2008-2012 жж – Орталық Азия университетінің қамқоршы кеңесiнің төрағасы, профессор, «Тұрақты Қазақстан» қоғамдық қорының басшысы.
2012 жылы бесінші сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.
III, II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.