Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық Сайлу комиссиясы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына Дания Еспаеваны ресми түрде үміткер ретінде тіркеді.
Аталған қаулы жобасын ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина таныстырды.«2019 жылғы 25 сәуірде Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Дания Мәдиқызы Еспаеваның құжаттарын ұсынды», - деді ол.
Орталық сайлау комиссиясына Дания Еспаеваның мына құжаттары ұсынылған:
- Президенттікке кандидат Дания Еспаеваның кірістері мен мүлкі туралы декларация жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасы;
- кандидатты тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды;
- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық сайлау комиссияларының азаматтардың президенттікке кандидат Еспаеваны қолдап жиналған қолдарын тексерудің нәтижелері туралы хаттамалары.
"Осы хаттамаға сәйкес президенттікке кандидат Дания Еспаеваны қолдап, Қазақстанның 17 өңірінен 144 098 адамның қолын жинады. Тексеру нәтижесінде 139 541 расталған қол анықталды. Бұл ретте 2019 жылғы 15 сәуірдегі №13/237 ОСК қаулысымен анықталған ҚР президенттігіне кандидатты қолдап жиналған рас қолдардың қажетті саны – 118 140-тан кем болмауы тиіс", - деді Зәуреш Баймолдина.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына дауыс беріп, ол бірауыздан қабылданды. Осыдан кейін ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Дания Еспаеваға тиісті куәлікті табыс етті.
Айта кетейік, Қазақстанда президенттікке үміткер алғашқы әйел Дания Еспаева 1961 жылы 5 наурызда Ақтөбе облысы Мәртүк ауданы Яйсан кентінде дүниеге келген.
1982 жылы Алматы есептік-кредиттік техникумды, 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1982 жылы КСРО Мемлекеттік банкі Ақтөбе облыстық басқармасы несиелеу бөлімінің экономисі болып бастаған. «Әлем банк» Ақтөбе облыстың басқармасы кредит бөлімінің бас маманы, несиелеу бөлімі басшысының орынбасары, «БТА банк» АҚ корпоративтік бизнес жөніндегі директордың орынбасары, «БТК Банк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры, "Қазкоммерцбанк" АҚ Ақтөбе филиалының директоры қызметтерін атқарды.
2016 жылдың наурызынан бері – мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.