Президенттік жастар кадр резерві: 4-кезеңге 235 үміткер өтті

19 Қазан 2021, 17:06
1842
Бөлісу:
Президенттік жастар кадр резерві: 4-кезеңге 235 үміткер өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің үшінші кезеңінің қорытындысы туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешов хабарлады.  


Қазіргі уақытта агенттік алдында Мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резервін (ПЖКР) қалыптастыру туралы тапсырмасын іске асыру міндеті тұр. Қазіргі уақытта іріктеудің үш кезеңі өтті, олар: құжаттарды қабылдау, вербалды және сандық тестілеу және оларды верификациялау, ситуациялық тапсырмаларды шешу. Ситуациялық тапсырмаларды шешу – бұл үміткерлердің ситуациялық тапсырмалар түрінде жасалған нақты проблемаларды шешуге көзқарасын бағалау. Бұл кезең ағымдағы жылдың 12 қазанынан бастап 17 қазанына дейін өткізілді. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 3-кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешуге 514 адам жіберілді. Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша 4-кезеңге 235 үміткер өтті, бұл кезең ағымдағы жылдың 25 қазанында басталады, - деп мәлімдеді Марат Дәуешов.  
Төртінші кезең – бұл мынадай 2 блоктан тұратын құзыреттерді бағалау кезеңі: ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша сұхбат.

Ассессмент-орталық мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы үміткерлердің стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сендіре білу сияқты құзыреттерін анықтауға және бағалауға бағытталған. Бұл блок оффлайн-форматта өткізілетін болады. 

Құзыреттер бойынша сұхбат кәсіби HR-менеджерлерінің қатысуымен онлайн-форматта жүргізіледі. Осы бағалау блогының мақсаты үміткерлердің ішкі ынта-жігерін және олардың құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтау болып табылады.   

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2021 жылы Президенттік жастар кадр резервіне екінші іріктеуді жүргізіп отыр, бірінші іріктеу 2019 жылы өткен болатын. 

Осы жылғы іріктеу қорытындысы бойынша резервке 50 үміткер алынады.        

Президенттік жастар кадр резервінің мақсаты қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы