Президенттің Нью-Йоркке сапары: Қалтарыста не қалды?

27 Қыркүйек 2019, 22:53
2361
Бөлісу:
Президенттің Нью-Йоркке сапары: Қалтарыста не қалды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық делегация барып-қайтқаны мәлім. Осы сапардың ресми жағын барлық БАҚ жарыса жазып жатыр. Ал қалтарыста не қалды? Кадр сыртында ресмиліктен тыс не бар? Бұл сұрақтарды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлиге қойдық.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясы – бүкіл әлем елдерінің басын қосатын үлкен алаң. Бұған саясаткерлер, ірі бизнесмендер, беделді ғалымдар мен сарапшылар қатысады. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жиынға мемлекет басшысы ретінде алғаш рет қатысты. Оның жұмыс кестесі өте тығыз болды. Күнделікті басқа ел басшыларымен, америкалық және халықаралық бизнес өкілдерімен оннан астам кездесу өткізді. Президент келіссөздері негізінен ағылшын тілінде өтті. Әрине, мемлекет басшысы кездесулерде әлемдегі ахуалды жақсы білетінін көрсетті. Осындай ресми жүздесулер арасындағы үзілістерде көптеген елдің президенттері, танымал саясаткерлер келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлымен амандасып, қошемет білдірді», - дейді Берік Уәли.

fa6ba8f9bfedba0176058f5493b2c142.jpg

Оның айтуынша, Тоқаев Нигериядан келген БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының төрағасы, Нидерланды королі, Португалия, Латвия, Литва, Руанда президенттері, Грекия премьер-министрі, Францияның қаржы министрі, БҰҰ-ның бірқатар лауазымды тұлғасымен шағын құрамда келіссөздер өткізді. Олардың көбі мемлекет басшысын осы әмбебап ұйымда атқарған бұрынғы қызметі арқылы жақсы таниды екен.

«Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ штаб-пәтерінде Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен кездейсоқ кездесіп қалып, форум өтетін залға бірге әңгімелесіп барды. Осындай қысқа жүздесулер, бейресми әңгімелерден достық пен өзара құрмет сезіліп тұрады. Бұған мемлекет басшысының мол халықаралық тәжірибесінің ықпалы зор деп ойлаймын. Осындай кездесу Украина президенті Владимир Зеленскиймен де өтті. Украина басшысының хаттамасынан біздің президентпен кездесуге өтініш келді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірден келісті. Бұл жүздесу достық атмосферада өтті десе болады. Жұмыс та талқыланды, әзіл де айтылды», - дейді баспасөз хатшысы.

36bf7078a92c064d62f52388a4dd5761.jpg

Бұған қоса, Берік Уәлидің айтуынша, БҰҰ-ға мүше мемлекеттер ұйымға қандай да бір естелік сыйлық жасайды. Сондай дәстүр қалыптасқан. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына Есік қорғанынан табылған Алтын адам көшірмесін сыйға тартты. Енді БҰҰ штаб-пәтерінде еліміздің символы – Алтын адам тұр.

3193edeb275fd19abe003d94ea4cb2bb.jpeg

«Жалпы, мен телефон камерасымен қызықты сәттерді түсіріп отыруға тырыстым. Бірақ бұндай қарбаласта сапалы кадр жасау мүмкін бола бермеді», - деп түйіндеді президенттің баспасөз хатшысы.

f7a2717e99025fe67f0188004244e9f5.jpg

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Иордания королі Абдалла ІІ, АҚШ, Швейцария, Болгария, Польша, Грузия, президенттері және БҰҰ Бас хатшысымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Бұған қоса, БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясы Жалпы дебаттарының ашылу рәсіміне қатысты.

Өзгелердің жаңалығы