Президенттің кадрлық резервіндегі жастар басшылық қызметтерге келіп үлгерді

15 Қаңтар 2020, 19:23
2166
Бөлісу:
Президенттің кадрлық резервіндегі жастар басшылық қызметтерге келіп үлгерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық экономика министрлігінде ведомство басшысы Руслан Дәленов Президенттің жастар кадрлық резерві өкілдерімен кездесті. Бұл туралы ҚР ҰЭМ баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Руслан Дәленов кадрлық резервтің мақсаты жастар үшін айқын әлеуметтік саты құру екеніне назар аударды.

Жаңа мамандықтар – жаңа қарқын, жаңа идеялар. Қазақстан Президентінің айтуынша, «тек білімді, патриот, еңбексүйгіш жас қана – біздің еліміздің прогресі мен тұрақты дамуының қозғаушы күші, - деді Руслан Дәленов.

Қазақстанның ұлттық экономикасына жауапты министрліктің басшысы резервтегілердің экономиканың түрлі салаларында едәуір жұмыс тәжірибесі барлығын атап көрсетті. Олардың көбі экономиканың түрлі салаларындағы ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істеуде немесе істеген. 

Кадрлық резервпен жұмыс істей келе, біз олардың ішінен орталық аппараттың департамент директоры мен директордың орынбасары тәрізді министрліктегі басшылық қызметке, сондай-ақ квазисектордағы басшылық лауазымдарға 10 маманды тағайындадық, - деді Р.Дәленов кездесуде.

Резервтегілер ашық диалог барысында еліміздегі өзекті экономикалық мәселелерге қатысты өз пайымдарымен бөлісті. Ол мәселелердің қатарында кәсіпкерлікті, МЖӘ-ні, бюджеттің 4 деңгейін, Ақтөбе облысының инвестициялық тартымдылығын, моноқалаларды дамыту бар.

Өз кезегінде, Руслан Дәленов талантты жастармен одан арғы пікір алмасу және маңызды тақырыптарды талқылау үшін "ҚР ҰЭМ резервшілерінің күнін" белгілеу идеясын ортаға салды.

Сіздерге мемлекет басшысының зор сенімін ақтап, өз таланттарыңызды танытуға және білімдеріңізді Отанымыздың игілігі жолына арнауларыңызға тілектеспін, - деді министр. 

Резервшілердің қатарына 106 жеке сектор өкілі, 98 квазимемлекеттік сала қызметкері мен 96 мемлекеттік қызметші еніп отыр. Үміткерлердің 58%-і шетелде білім алған, 42%-і қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. 6 адам ғылым докторы болса, 204 адам магистр дәрежесіне ие.

Президенттің жастар кадрлық резерві – қазақстандықтардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі басшылық қызметтерді иеленуіне мүмкіндік беретін жоба.

Жастар мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімі лауазымына, комитеттердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың басқармасының төрағалығына ұсынылады. 

Үміткердің президенттің жастар кадрлық резервінде болу мерзімі – 5 жыл.


Өзгелердің жаңалығы