Президент: Жаңа Конституция – бабалар жолының жалғасы 

Тоқаев комиссия құрамында болған барша азаматқа және Коалиция мүшелеріне ерекше ризашылығын білдірді. 

 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 14:34
Бүгiн 2026, 14:34
232
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Астанада өткен Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталғым келеді. Комиссия мүшелері өте ауқымды, тиімді жұмыс атқарып, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және серіктестігі аса маңызды екенін айқын көрсетті. Жалпыұлттық коалиция мүшелері де қажырлы қызмет етті. Олар жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұмысын ойдағыдай атқарды, - деді Президент.  

Тоқаев комиссия құрамында болған барша азаматқа және Коалиция мүшелеріне ерекше ризашылығын білдірді. 

Еліміздің әр аймағы, ауданы мен қаласында қоғамдық белсенділер, олардың ішінде еріктілер, яғни волонтерлер жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, Халық Конституциясының қабылдануына зор үлес қосты. Баршаңызға рақметімді айтамын, - дейді Мемлекет басшысы. 

Одан әрі Президент Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапты терең сезіне отырып қабылданғанына тоқталды.  

Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы.  Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі.  Заман талабына сай жаңғырған бас құжат мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тарихынан хабар береді.  Қазіргі Конституция нағыз Ұлт заңы деген атқа лайық. Оның өне бойында бабаларымыз аманат еткен елдік пен ерлік рухы, салт-дәстүр, жасампаздық және жаңашылдық ұғымдары тоғысқан, - дейді Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Ата заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны.

Конституциямыздың ең басты мақсаттары – жеріміздің тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғамдық әділет пен заң үстемдігін нығайтуға кепілдік беру, сондай-ақ білім, ғылым, инновация мен мәдениетті дамыту, тазалықты дәріптеп, табиғатты қорғауды қамтамасыз ету. Мемлекетіміздің бас құжаты – халық болмысының мызғымас нышаны, берекелі ауызбіршілігіміздің символы, - дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Наверх