Қазақстанда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы «Заң мен тәртіп» саясаты батыл түрде жалғасады.
Президент өз сөзінде заң талаптарының орындалуын сынайтын, соның ішінде Парламент қабырғасында отырған кейбір тұлғалардың ұстанымына қатысты пікір білдірді.
Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандық әскери қақтығыстар мен бұлыңғыр заманда мемлекет үшін татулық пен тұрақтылықтың маңызы ауадай қажет екенін ескертті.
Оның айтуынша, тәртіпсіз ешқандай реформа немесе оң өзгеріс жүзеге аспайды. Осыған байланысты құқық қорғау мекемелеріне заң бұзушылықтарға қатысты қатаң шаралар мен жазаларды қолдану жүктелді.
Сонымен қатар Президент ел ішіндегі экологиялық мәдениетті көтеру мен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, туристік нысандар мен табиғат аясындағы вандализм әрекеттеріне қоғам болып қарсы тұру қажеттігін айтты.
Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс. Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент бұл мәселеге бүкіл қоғаммен қатар, барлық өңір әкімдері де баса назар аударуы тиіс екенін шегелеп айтты.