Президент Украинаның ЕО-ға мүше болу мүмкіндігіне пікір білдірді

17 Маусым 2022, 23:25
1501
Бөлісу:
Президент Украинаның ЕО-ға мүше болу мүмкіндігіне пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Украинаның Еуропалық одақ құрамына қосылуы Еуразиялық экономикалық одаққа қандай да бір нұқсан келтірмейді. Бұл туралы Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Украинаның Еуропалық одаққа қосылу мүмкіндігі Еуразиялық экономикалық одаққа қандай да бір нұқсан келтірмейді деп санаймын. Украинаның Еуропалық одаққа қосылуы қалай жүргізілетіні басқа мәселе, себебі онда өте қатаң талаптар бар. Ал Украинаның экономикасы болса күрделі жағдайда тұр. Осы орайда оларда Украина үшін арнайы жеңілдетілген бағдарлама болуы ықтимал, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев форумда қойылған сұраққа жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы аталған елдің қазіргі жағдайы қасіретке толы екенін айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестік кезеңде Украина Кеңес одағының астық қоймасы әрі өнеркәсіптік дамыған республика болғанын еске салды.

Еуропалық одақ туралы мәселеге тоқталсам, Украинаның қосылуына қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде экономикалық одақ. Егер дәл осы экономикалық ұйымда Украинаны өз қатарларында көргілері келсе, онда мұны ақиқат деп қабылдау керек, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы