Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында президенттерге ТМД мемлекеттерінің тауар айналымы 91 млрд доллардан асатынын айтты.
Бірқатар беделді халықаралық ұйымның деректері бойынша ТМД мемлекеттерінің ішкі өңірлік тауар айналымы 91 млрд доллардан асады немесе әлемдік сауда деңгейінің 0,5%-ы ғана. Бұл ретте ТМД елдерінің өзара сауда үлесі мемлекеттеріміздің сыртқы әлеммен жалпы тауар айналымының шамамен 20%-ын құрайды. Бұл ақпараттар сауда-экономикалық байланыстарды айтарлықтай арттыру үшін зор әлеуеттің бар екенін айғақтайды, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің өнеркәсіптік кооперациясын кеңейтуге, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құруға, шаруашылық жүргізуші субъектілердің өндірістік байланысы мен тиімді ынтымақтастығын қамтамасыз етуге басымдық беруді ұсынды.
Мемлекет басшысы кеңес отырысында өнеркәсіптік кешендерді дамытудың кемінде 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Сауда-инвестициялық қызметті нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге қол қоюға жол ашады. Бұл маңызды құжатты келісу процесін жеделдету қажет, - деді Қазақстан Президенті.Осыған дейін Тоқаев ТМД беделді халықаралық ұйымға айналғанын атап өткен болатын.