Президент тапсырмасы: Шымкентте жаңа экопарк ашылды
Президент тапсырмасы: Шымкентте жаңа экопарк ашылды
Жаңа Экопарк қалалық ортаны ауқымды жаңғыртудың және бұрын экологиялық тұрғыдан бүлінген аумақтарды қалпына келтірудің жарқын үлгісіне айналды. Құрылысы 2024 жылдың қазан айында басталған жоба қысқа мерзімде жүзеге асырылып, бүгінде демалысқа, спортпен шұғылдануға және отбасылық уақыт өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістік ретінде пайдалануға беріліп отыр.
Қала күніне орай Шымкентте Достық шағынауданындағы бұрынғы қоқыс полигонының аумағынан ең ірі экологиялық саябақтардың бірі – жаңа Экопарк салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мегаполис тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жаңа Экопарк қалалық ортаны ауқымды жаңғыртудың және бұрын экологиялық тұрғыдан бүлінген аумақтарды қалпына келтірудің жарқын үлгісіне айналды. Құрылысы 2024 жылдың қазан айында басталған жоба қысқа мерзімде жүзеге асырылып, бүгінде демалысқа, спортпен шұғылдануға және отбасылық уақыт өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістік ретінде пайдалануға беріліп отыр.
Айта кету керек, жоба Мемлекет басшысының экопарктер желісін дамыту және қалалардағы жасыл желек қорын кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында, сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде жүзеге асырылды.
Нысанның ерекшелігінің бірі – оның атауында. «Экопарк» атауын жобаны іске асырудың бастапқы кезеңінде қала әкімі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бірлесіп таңдаған болатын.
Жаңа қоғамдық кеңістіктің жалпы аумағы шамамен 45 гектарды құрайды. Мұнда тұрғындардың жайлы демалуына арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастырылған. Атап айтқанда, жасанды су айдыны, бақылау алаңдары, табиғи материалдар қолданылған жаяу жүргіншілер жолдары, жарықтандыру жүйесі, ағаш орындықтар және шағын сәулеттік нысандар орнатылған.
Аумақты көгалдандыруға ерекше назар аударылды. Жоба аясында өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, 5 мыңнан астам ағаш пен бұта егілген. Осылайша жаңа саябақ Шымкенттің жасыл қаңқасының бір бөлігіне айналып, қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға өз үлесін қоспақ.
Экопарктің ашылуы мегаполистегі қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың тағы бір маңызды кезеңі болды. Бұрынғы қоқыс полигонының орнын заманауи жасыл аймаққа айналдыру мұндай жерлерді қала тұрғындары үшін қолайлы әрі сұранысқа ие өмір сүру ортасына айналдырудың нақты үлгісін көрсетеді.