Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Президент тапсырмасы: Қазақстанда ШОБ-тың экономикадағы үлесі 40%-ға жақындады

Бүгiн, 08:41
119
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Президенттің шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындау Үкімет жұмысының басым бағыты болып қала береді. Қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары ШОБ-тың ел экономикасындағы үлесі тұрақты өсіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, бүгінде әрбір бесінші қазақстандық кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді, ал ШОБ-тың жалпы қосылған құндағы үлесі 39,8%-ға жеткен. 2025 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі орта бизнестің үлесі 7,9% болып, өткен жылмен салыстырғанда артты.

Еліміздегі кәсіпкерлік субъектілерінің 99,9%-ын микро және шағын бизнес құрайды. Олар 4,4 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр, бұл бір жылда 3,9%-ға өскен. Жалпы алғанда, ШОБ экономикалық белсенді халықтың 45,5%-ын қамтиды.

Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін кеңейтуде. Бүгінде бизнеске арналған 117 қолдау құралы біріктірілген тізілім жасалып, baqylauda.qoldau.kz платформасы арқылы қолжетімді. Бұл сервисті қазірдің өзінде 222 мыңға жуық адам пайдаланған.

Сонымен қатар бизнесті ірілендіру мен орта бизнестің рөлін күшейтуге бағытталған кешенді саясат іске асырылуда. Міндетті талаптар тізілімі цифрландырылып, рұқсат беру рәсімдері оңтайландырылды, ал жаңа Салық кодексі кәсіпорындардың бөлшектенуін шектеуге бағытталған.

Орта бизнесті дамыту мақсатында Ұлттық экономика министрлігі ЕҚДБ-мен бірлесіп өндіріс көлемін 2-3 есеге арттыруға бағытталған өсу жоспарларын әзірлеуде. Қазірдің өзінде 20 кәсіпорын қамтылды, ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш кемінде 70-ке жетпек.

Бұдан бөлек, 2025 жылы іске қосылған «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы аясында 482 млрд теңгеге 1 700-ден астам жоба қаржыландырылды. «Даму» қоры жанынан құрылған екі кепілдік қоры кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін айтарлықтай кеңейтті.

Осылайша, шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі драйверлердің біріне айналып, азаматтардың жұмыспен қамтылуы мен әл-ауқатын арттыруда шешуші рөл атқаруда.

Өзгелердің жаңалығы