Президент Швейцарияның іскерлік топтар өкілдерімен кездесті

30 Маусым 2021, 19:22
2512
Бөлісу:
Президент Швейцарияның іскерлік топтар өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Швейцария құрама командасының футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында жақсы ойын өрнегін көрсеткенін атап өтті деп хабарлады Ақорда. 

Президент Швейцария Конфедерациясы Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтты.

Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделген. Бүгінгі кездесуді Швейцария Президенті Ги Пармеланмен бейне байланыс арқылы өткен жуырдағы келіссөздің конструктивті жалғасы ретінде қарастырамын. Біз сауда байланыстарымызды, инвестициялық ынтымақтастығымызды нығайту үшін жұмыс істеуге, аталған салалар бойынша жетістікке қол жеткізуге уағдаластық. Қазақстан Тәуелсіздігін алған уақыттан бері Швейцария экономикамызға 30 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы, тіпті, былтырғы дағдарыс кезінде 1,7 миллиард доллар болды, – деді Президент.  

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстанда Швейцария капиталының қатысуымен 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқанына тоқталды.  

Қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызда белгілі бір жетістіктер бар деп санаймын. Сонымен қатар мұны одан әрі дамыту үшін әлеуетіміз де жеткілікті. Қазақстан тікелей инвестиция тарту үшін еліміздегі инвестициялық климаттың мейлінше қолайлы болуына барлық мүмкіндікті жасайды. Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі мемлекет. Біздің мақсатымыз – аймақтағы жетекшілік орнымызды сақтап қалу. Сонымен қатар экономикамызды әртараптандыруға байланысты мәселелерді шешуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда экономиканы көміртегінен ада етуге, жасыл технологияларға, қоршаған орта мен қаржы саласын қорғауға байланысты жобаларға басымдық беріледі.

Президент Швейцарияның іскерлік топтар өкілдерімен кездесті

Кездесу барысында Stadler Rail AG компаниясының президенті, Қазақстан мен Швейцария іскерлік кеңесінің тең төрағасы Петер Шпулер, Glencore International AG компаниясының бас директоры Айван Глазенберг, Roche Holding концернінің басқарма төрағасы Кристоф Франц, Credit Suisse Switzerland инвестициялық бөлімшесінің басшысы Йенс Хаас, ABB Switzerland компаниясының бас директоры Роберт Ичнер, KS Genetics компаниясының президенті Филиппо Ломбарди, INOKS Capital компаниясының бас атқарушы директоры Набиль Абдул-Массих және Rey Group компаниясының президенті Кристиан Рей сөз сөйледі.


Өзгелердің жаңалығы