Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық экология академиясының президенті Мұсағали Дуамбеков қайтыс болды.
Бүгінгі таңғы 8:00-де Мұсағали Сәрсенбайұлы Дуамбеков қайтыс болды, - деп жазды жұбайы Айгүл.
Мұсағали Сәрсенбайұлы Дуамбеков 1961 жылы 5 мамырда Жамбыл облысының Қаратау қаласында дүниеге келген.
Қазақ политехника институтының Қаратау филиалын, қазіргі Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің аспирантурасын бітірген. 100-ден астам ғылыми жарияланымның және өнертабыстың авторы.
Техника ғылымының докторы, профессор.
Оның "Қазақстан экологиясы", "Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігі", "Экологиялық менеджмент", т.б. кітаптары жарық көрген.
1990-1996 жылдары - Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, деканы.
1996-1998 жылдары - Тараз университеті инженерлік-техникалық мамандықтарының Қаратау оқу-ғылыми методикалық кешені директорының орынбасары, "Кәсіпорындарды тарату және қайта құру агенттігі" АҚ Жамбыл филиалы директорының орынбасары.
1998-2000 жылдары - Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитетінің төрағасы.
2000-2001 жылдары - Тараз мемлекетік университеті жанындағы экологиялық-экономикалық мәселелер ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері.
2001-2003 жылдары - ҚР Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесшісі, "Қазақстан Темір Жолы» ҰК" ЖАҚ Техникалық департаменті директорының орынбасары.
2003-2004 жылдары - Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақмола филиалының директоры.
2004-2005 жылдары - "Жасыл ғаламшар үшін" экологиялық қозғалысы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
2007-2011 жылдары "Экологиялық таза тағам" журналының бас редакторы.
2011-2012 жылдары "Қарабура әулие мәдени орталығы" қоғамдық қорының президенті.
2012 жылдан бастап "Халықтық жемқорлыққа қарсы комитет" қоғамдық қорының президенті.
Айта кетейік, 2011 жылы кезектен тыс президент сайлауына қатысуға құжат тапсырған. Алғашқы лингивистикалық емтиханнан өткенімен, кейін кандидаттығын алып тастады.