Еліміздің көптеген өңірінде президент сайлауына дауыс беру учаскелері өз жұмысына кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Болашақ президентті таңдау үшін дауыс беруге елордалықтар да белсенді атсалысып жатыр. Солардың бірі — Көктал шағын ауданындағы N198 сайлау учаскесі әнұран орындалған соң сайлаушыларды қабылдауға кірісті.
Айта кетерлігі, қазақстандықтар жергілікті уақыт бойынша 07.00-ден 20.00-ге дейін өз кандидаттарына дауыс бере алады. Ел аумағында барлығы 10 101 учаске жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 53 шет мемлекетте 68 сайлау учаскесі құрылған.
Айта кетейік, бүгін елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр.
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне алты кандидатты тіркеді.
Парламенттегі билікшіл үш партия мен ондаған қоғамдық ұйым біріккен "Халық" коалициясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Аманат" кәсіподақтар бірлестігі атынан Жигули Дайрабаев.
"Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" атынан Қарақат Әбден.
"Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Салтанат Тұрсынбекова.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Нұрлан Әуесбаев.
Сайлау туралы заңға сәйкес, президенттікке үміткер болып тіркелу үшін кандидат өзін жақтаған кемінде 118 мың сайлаушының қолын жинап, тапсыруы керек болатын.
Еске сала кетейік, биыл сайлауда дауыс беру бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген графа енгізіліп отыр.