Бүгін елордада Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық штабының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кандидаттың республикалық штабының басшысы Төлеутай Рахымбеков штаб жұмысын аша отырып, құттықтау сөз сөйледі. Ол кандидатты таныстырып, сайлау науқанын өткізу жоспарлары туралы айтты.
Біздің кандидат пен сенімді тұлғалардың сапарлары «Есіктен есікке» форматында ұйымдастырылады. Барлық іс-шара уақытында өткізіледі. «Ауыл» партиясынан кандидат Жигули Дайрабаевтың бағдарламасы мен ұсыныстары өз жақтастарын табады деп үміттенеміз, – деп атап өтті Төлеутай Рахымбеков.
Айтуынша, кандидатты қолдау жөніндегі штабтар республикалық маңызы бар үш қаланы қоса алғанда, еліміздің барлық 20 өңірінде бар. Сондай-ақ барлық 164 ауданда және 37 облыстық деңгейдегі қалада 222 штаб құрылды.
Барлық қоғамдық штаб үгіт-насихат жұмыстарына қажетті затпен толық қамтамасыз етілген.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев партия мүшелеріне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, іс-шараға қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Сонымен қатар іс-шарада кандидаттың жақтастары, фермерлер мен партияның жастар қанатының белсенділері сөз сөйлеп, қолдау білдірді.