Президент сайлауы. Әлемнің 53 елінде 12 мыңнан астам отандасымыз дауыс бере алады

14 Қараша 2022, 17:01
1020
Бөлісу:
Президент сайлауы. Әлемнің 53 елінде 12 мыңнан астам отандасымыз дауыс бере алады

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сыртқы істер министрлігі 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанындағы сайлау учаскелерінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Әлемнің 53 еліндегі 68 сайлау учаскесінде 12 мыңнан астам отандастарымыз дауыс беруге мүмкіншілігі бар, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

Айтуынша, Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі және ұлттық заңнамаға әрі халықаралық стандарттарға сәйкес сайлауды өткізуге бейілді.

Президент сайлауына сегіз халықаралық ұйым, шет мемлекеттердің және Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері байқаушы болады. Бүгінгі таңда 139 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Сайлауды бақылауға барлығы 600-ден астам өкіл қатысады деп күтілуде, - деді Айбек Смадияров. 

Белгілі болғандай, сайлауды 8 халықаралық ұйым бақылайды. Олар: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару Комитеті, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық ассамблеясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік ассамблеясы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы.

Дауыс беруге қатысу үшін белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, оқу, іскерлік пен туристік мақсатпен жүрген және ҚР азаматының жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары сайлау учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгіне алады. ҚР шетелдегі мекемелерінде дауыс беру «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 38-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес сайлау өткізілетін күні (2022 жылғы 20 қараша, жексенбі) жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізілетін болады, - деді ресми өкіл. 

Сонымен бірге ведомство шетелдегі сайлау процесін уақытылы және толықтай дайындау мақсатында Қазақстан азаматтарын жақын маңдағы сайлау учаскесіне алдын ала хабарласып, сайлаушылар тізіміне енгізу үшін мәлімет беруді сұрады. 

Өзгелердің жаңалығы