Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген президент сайлауына қатысуға үміт білдіргендерден қол қою парақтары мен кепіл ақша төлегені туралы анықтамаларын қабылдауды аяқтады. Әу баста додаға қатысуға 65 адам талпыныс жасағанымен, тек 20 кісі ғана тиісті құжаттарды өткізген.
Азаттықтың мәліметіне қарағанда, бір үміткер - Қырғызстан Жогорку кеңешінің депутаты Саматбек Ибраев тек 15 мың 33 адамның ғана қолын жинаған. Сондықтан оны жақтайтындардың қол қою парақтары үміткердің өкілдеріне қайтарылды. Ибраев кепіл ақша салғаны туралы анықтама да өткізбеген.
Орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгерді деген сертификаты жоқ және соттылығы алынбаған 12 үміткердің құжатын қайтарып берген. Қалған үміткерлер түрлі себеппен додаға қатысудан бас тартты.
Құжаттары қабылданған басқа үміткерлер 30 мыңнан 60 мыңға дейін адам қол қойған парақтар өткізген.
Енді сайлау комиссиясы сегіз күннің ішінде жиналған қолдардың растығына көз жеткізуі керек - деді Орталық сайлау комиссиясындағы жұмыс тобының хатшысы Айдай Русланова.
Үгіт-насихат 15 желтоқсанда басталып, 9 қаңтарға дейін жүргізілмек.
Заң бойынша Қырғызстан президенттігіне канидат болып тіркелу үшін үміткерлер кемінде 30 мың қолдаушының қолын жинап, 1 миллион сом кепіл ақша төлеуі керек (шамамен 11 800 АҚШ доллары).