Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның Еңбек ері, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, белгілі меценат Алмат Тұрсынов кезектен тыс өтетін президент сайлауы туралы пікір білдірді.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасаған еңбегі өзге елдердің басшыларына да үлгі болуда. Енді осы кезге дейін жеткен табысымызды шашпай-төкпей келешекке аманат ету міндеті тұр», - дейді Алмат Жанәбілұлы.
Еңбек ерінің айтуынша, сайлауды көп кешіктірмей өткізу келер жылдарға дұрыс жоспар құрып, елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі.
«Қазақстандағы тұрақтылық – инвесторларды тартуға көп септігін тигізеді. Мен бірқатар елде болдым. Біздегі бизнеске деген көзқарас дұрыс жолға қойылған деп есептеймін. Мәселен, бірер жыл бұрын мәскеулік бизнесмен досым менен ет алып келуді өтінді. Себебін сұрасам, «сіздердегі өнім экологиялық жағынан ең таза» дегенді айтты. Алғашында таңғалдым. Кейін өзім барып зауыттарын аралағанда қазақстандық өнімнің сапасы анағұрлым жақсы екеніне көз жеткіздім. Мен мұны біздегі бизнеске деген көзқарастың жалпы бір көрінісі деп қабылдадым. Осындай дұрыс сипатта қалыптасып келе жатқан қоғамды одан әрі дамыту үшін әр азамат қай жағынан да сауатты, белсенді болу керек. Сондықтан, барша отандастарымды сайлауға барып, таңдау жасауға шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - дейді белгілі кәсіпкер.