Алматы, BAQ. KZ тілшісі. Қазіргі сайлау көпшіліктің сайлауға деген немқұрайлығын қалыптастырды. Біз содан арылуымыз керек. Бұл туралы ҚР президенттігіне үміткер ретінде ұсынылған қоғам белсендісі Әміржан Қосанов “Ұлт тағдыры” қоғамдық бірлестігінің құрылтайында айтты.
“Сайлау ол халықтың бес жылда бір рет өзінің “иә” немесе “жоқ” деп айтатын мүмкіншілігі. Соны халыққа қайта қайтарып беруіміз керек. Бұл таңдаудың үлкен ерекшелігі бар, оған Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды. Сондықтан оған көптеген топтық ұйымдар, партиялар мән беріп отыр”, -деді ол.Ол сайлауға қатысу шешімін бір күнде қабылдамағанын, әріптестерімен ақылдасқанын жеткізді.
“Бұған дейін елдегі барлық оппозициялық топтар бірігу керек, ҚР президенттігіне лайықты адам ұсыну қажеттігін айтқан едім. Бірақ, өкінішке қарай олай болмады. Дегенмен, бүгін “Ұлт тағдыры” атынан шығып отырмын”, - деді Әміржан Қосанов.
Сондай-ақ ол, сайлауға түсу барысында бұрын мемлекеттік қызметте істегенінің пайдасы тигенін айтып өтті.
“Кезінде мемлекеттік қызметте істегенімнің пайдасы осы жолы тиді. Президенттікке үміткер болу үшін кемінде 5 жыл мемлекеттік қызметте істеуің керек екен. Мен 6, 5 жыл жұмыс істеппін. Жалпы қатарымызда президенттікке түсуге лайықты азаматтар көп, алайда олар осы жолы менің кандидаттығымды ұсынды”, - деді ол.
Жиын барысында ол БАҚ өкілдері тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап берді. Соның бірі “егер президент болып жатсаңыз, қандай өзгеріс жасар едіңіз” деген сұрақ болды.
“Қолымнан келсе қазіргі жүйені өзгертуге тырысар едім. Бұл деген қан төгу немесе төңкеріс жасау емес. Оған түбегейлі қарсымын. Мен билік халықтың дауысын тыңдап, онымен санасуын қалаймын”, - деді ол.
Сонымен қатар, “мемлекеттік тілден емтихан тапсыруда өте алам деп ойлайсыз ба” деген сұраққа былай жауап берді.
“Мен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін қазақша бітірген адаммын. Сондықтан ол жағынан қиындық болмайды деп ойлаймын. Ертең таңертең сағат 9.00-де Орталық сайлау комиссиясына құжат өткізуге барамын”, - деді ол.
Сондай-ақ ол, “Шындықтан қашып құтыла алмайсың” деген сөздің авторлары рұқсат берсе, сайлау кампаниясында ұран етіп алуға дайын екендігін жеткізді.
Бұған дейін “Ұлт тағдыры” қозғалысы президенттікке Әміржан Қосановтың кандидатурасын ұсынғанын хабарлағанбыз.