Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай мүшелері ел дамуына қатысты маңызды ой-пікірлер айтқанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің айтуынша, Құрылтай аясында мазмұнды әрі пайдалы пікір алмасу өтті. Айтылған ұсыныстар мен бастамалардың барлығы еліміздің дамуына қызмет ететініне сенім білдірді.
Жаңа ғана сөз сөйлеген Құрылтай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты. Құрылтайдың аясында пайдалы пікір алмасу өтті. Барлығы еліміздің дамуына қажетті боларына сенемін. Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың әр отырысы ел тарихында айрықша орны бар өңірлерде өтіп келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытауда ұйымдастырылса, екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда өткен. Үшінші отырыс бірегей Атырау өңірінде өткізіліп, былтыр тарихи бай Көкшетау төрінде жалғасқан. Ал биыл Құрылтай қастерлі Қызылорда жерінде өтіп отыр.
Бұл халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қызылорда өңірінің терең тарихына да тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманда-ақ қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады.
Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы деуге болады. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстанның астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.