Президент: Қоршаған ортаны қорғау проблемасын шешу үшін күш біріктіру керек

4 Шілде 2023, 14:20
1180
Бөлісу:
Президент: Қоршаған ортаны қорғау проблемасын шешу үшін күш біріктіру керек
Фото: BAQ.KZ - архив

Бұл туралы Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми телеграм каналына сілтеме жасап.

«БЕСІНШІ. Экология саласындағы өзара байланыстарды нығайту. Экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу және қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес. Өкінішке қарай, су тасқыны, қуаңшылық, өрт, судың және топырақтың ластануы секілді түрлі табиғи катаклизмдер айтарлықтай көбейгенін байқап отырмыз. Осы ретте Қазақстан қоршаған ортаны қорғау проблемасын шешу үшін күш біріктіруді көздейді. Біз мынадай міндеттерге баса назар аудару қажет деп санаймыз: ШЫҰ мен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы арасында серіктестік байланыс орнату; Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді әзірлеу; Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау. Бұл шаралардың барлығын бүгін қабылданатын Декларацияда бекітілген ШЫҰ-ның Экология жылы аясында ұйымдастыруды ұсынамын, - деді Мемлекет басшысы.

АЛТЫНШЫ. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту

Елдеріміз бен халықтарымыздың арасын жақындатудың тағы бір тиімді тетігі – туризм. Дүниежүзі халқының 45 пайызын қамтитын ШЫҰ кеңістігі әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған алып туристік нарық саналады. Мұны мойындау керек. Қазақстан бұл бағыт бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Былтырдан бастап елімізде Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгізілді. Бұл шара мемлекеттеріміз арасындағы туризмді дамытуға ықпал етеді. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде Алматы қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынамын. ШЫҰ-ның кең байтақ кеңістігі – Еуразиялық өркениеттің алтын бесігі. Ал мәдениеттердің біртұтастығын айшықтайтын бірегей «Шанхай рухы» – оның баға жетпес құндылығы, - деді ол.

Ортақ идеалдарымыз бен құндылықтарымызды әлемге дәйекті түрде дәріптеу маңызды. 

Қазақ жері – ежелден өркениеттер тоғысқан, дәстүрлер мен мәдениеттер біте қайнасқан мекен. Ал бүгінде Қазақстан бәрімізге ортақ, бай рухани мұраны сақтау және оны насихаттау ісіне барынша атсалысуға дайын. Осыған орай «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынамыз. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы әлемдік маңызы бар осындай киелі орын саналады. ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» атты конференциясы аясында осы ортағасырлық сәулет өнерінің ұлы ескерткішінің таныстырылымын қасиетті Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай ауқымды шара елдеріміз арасында анағұрлым тығыз гуманитарлық байланыстар орнатуға ықпал ететініне сенімдімін, - деп атап өтті Президент.

 Әділ әрі үйлесімді келешек әлем туралы біздің өз көзқарасымыз болуға тиіс. 

Өзге халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ШЫҰ жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру және оларға мемлекеттеріміздің мүддесін қорғау құзыретін беру маңызды деп санаймын. Әділ әрі үйлесімді келешек әлем туралы біздің өз көзқарасымыз болуға тиіс. Өзара жауапкершілік пен тілеулестік негізінде инклюзивті даму мен жасампаз прогресс жолында алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Төрағалық ету кезегін қабыл ала отырып, ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейбітшілік және өркендеу ісін одан әрі нығайта түсу үшін ұйымдағы мәртебесіне қарамастан барлық елмен арадағы белсенді және табысты жұмысты жалғастырамыз. Осы орайда баршаңызды Шанхай ынтымақтастық ұйымының Қазақстан елордасы – Астанада өтетін келесі саммитіне қатысуға шақырамын, - деді Президент.
 

Өзгелердің жаңалығы