Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Президент ҚХА-ның 2030 жылға дейінгі басымдықтарын айқындауды ұсынды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
24 Сәуір 2025, 11:52
454
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысында ҚХА-ның 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарын айқындауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әр жылдары елімізде түрлі диалог алаңдары мен қоғамдық органдар құрылды. Алайда бүгінгі мерейтойлық жиында Ассамблеяның қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын және алдағы уақытта да солай болып қала беретінін атап өткім келеді, - деді Президент.

Мемлекет басшысы атағандай,ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз.

Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын. Ассамблея барша азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керек. Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Біз болашақта да осы бағытта нақты шаралар қабылдаймыз, - деді Тоқаев ҚХА отырысында.

Президент 2022 жылы Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасын бекіткенін атап өтті. Оның мерзімі аяқталып келе жатқанын еске салды.

Сондықтан жаңа құжатты дайындау жұмысына қазірден бастап кірісу керек, яғни, 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарды айқындау қажет. Тұжырымдаманың жобасында қоғамды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер көрініс табуы керек. Сондай-ақ Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі қағидаттар көрсетілуге тиіс, - деп ұсынды Президент.

Еске сала кетейік, осыған дейін Тоқаев Ассамблея ұйымдарының мақсатын атады. Президент бірлік әлемдегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды екенін атады.

Өзгелердің жаңалығы