Президент Қазақстан Жазушылар Одағын 90 жылдығымен құттықтады

Бүгiн, 11:36
260
Бөлісу:
Президент Қазақстан Жазушылар Одағын 90 жылдығымен құттықтады
Фото: Артём Чурсинов Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жазушылар Одағының ұжымына құттықтау хат жолдады. Президенттің құттықтау хатын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қадірлі қауым! Сіздерді Қазақстан Жазушылар Одағының құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын. Жазушылар Одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Ақын-жазушыларымыз ұлтты ұйыстыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүр. Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді. Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айқындайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқару керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды дәріптеп жүрген барлық қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге бақ-береке, толайым табыс тілеймін. Халқымыздың рухын көтеріп, танымын ұлғайтатын туындыларыңыз көп болсын!, – делінген Президент құттықтауында.

Бүгін айтулы мерейтойға орай Алматы қаласында салтанатты жиын өтіп жатыр. Шараға Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Швеция, Татарстан, Башқұртстан, Якутия елдерінің әдебиет өкілдері келді.

Өзгелердің жаңалығы