Президенттер екі елдің көпжақты форматтағы ықпалдастығын егжей-тегжейлі талқылап, өңірлік және жаһандық саясаттың анағұрлым өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ТМД, ЕАЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және басқа да маңызды өңірлік бірлестіктер аясындағы ынтымақтастық мәселесінде өзара түсіністік қалыптасқанын атап өткім келеді. Елдеріміз ықпалдастық орнатпаған бағыт жоқ деуге болады. Ең бастысы, Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз әрдайым екі мемлекеттің мүддесін барынша ескеретін байыпты шешім қабылдаймыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, халықтарымыздың достық қатынастарын нығайтуға ұдайы назар аударғаны үшін құрметті Ресей Президентіне алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тараптарды келесі жылы бірлесе атқаратын көптеген жұмыс күтіп тұрғанын, 2025 жыл мол мүмкіндікке бастау болатынын айтты.
Біршама ортақ жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мұның пайдасын азаматтарымыз да, екі елдің кәсіпкерлері де сезінетініне сенімдімін. Келесі жылы қаңтар айында маңызды мемлекетаралық құжаттардың бірі – Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. 2025 жылы басқа да мерейтойлар бар: Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және «Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығы. Осы айтулы даталарға орай екі елде мерекелік іс-шаралар өткізуге келістік. Көріп отырғандарыңыздай, екіжақты күн тәртібі нақты бастамалармен және жаңа мазмұнды жобалармен ұдайы толығып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгінгі іс-шаралардың оң нәтижесі екі елдің одақтастық қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.