Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің маңызы зор екенін атады.
Оның айтуынша, бұл жерде алдын алу жұмыстарының маңызы жедел әрекет ету және әділ жазасын беру ісінен кем емес.
Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажет. Бұл, ең алдымен, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білу деген сөз.
Халыққа ынтымақтастықтың өзара тиімді формасын ұсынып, кері байланыстың оңтайлы жолдарын реттеу маңызды. Бастамашыл және заңға қайшы әрекеттерге бей-жай қарамайтын азаматтарға арқа сүйеу құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатының іс жүзінде сақталуына мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін айтты.
Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек, – деді Президент.
Алқа отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы Ішкі істер министрінің ұсынысын қолдады.
Министрлік осы сынақ кезінде табандылық танытуға тиіс. «Бармақ басты, көз қысты» болмауы керек. Алайда аттестация біреуден есе қайтарудың құралы болмауға тиіс. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау. Сонда ғана ахуалды түбегейлі өзгерте аламыз. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты бақылауда ұстайды, – деді Мемлекет басшысы.