Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Кездесу барысында министр Президентке Өзбекстан көшбасшысының Ташкент қаласында «Орталық Азия және Оңтүстік Азия: өңірлік өзара байланыстар. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық конференция өткізу туралы бастамасына қолдау білдіру туралы өтінішін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі күрделі жағдайға және пандемияға қарамастан екі елдің қарым-қатынастары жоғары деңгейде екенін, қазіргі сын-қатерлерге орнықты төтеп беріп отырғанын айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевқа зор денсаулық және бақ-береке тілеген сәлемін жолдап, Өзбекстан Президенті эпидемиялық ахуал жақсарғаннан кейін Қазақстанға сапармен келетініне сенім білдірді.