Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кейінге ысыруға болмайтын өте маңызды міндет екеніне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Президент аталған орган қызметіне орта державаларды, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін кеңінен қатыстыруға шақырды.
Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты орта державалардың үні анық естілуге тиіс. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар болған жағдайда араағайындық жасап, шешімдерді ілгерілетуге септігін тигізе алады. Қазақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы бағытпен байланыстырады. Біз берік ұстанымға негізделген теңгерімді, сындарлы, көпвекторлы дипломатия жүргіземіз. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді әрі ұдайы БҰҰ Жарғысына сүйенетін дамушы орта держава ретіндегі болмысымызды көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, елдеріміз арасындағы байланысты жолға қоюға зор үлес қосқан Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи ханымға ризашылығын білдірді. Президент оның «Орталық Азия және Жапония» саммитіне бастамашы болғанын еске салды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның беделді әрі сенімді серіктес ретінде кеңінен мойындалғанын айтты.
Қазақстан жақын көршілері – Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытып келеді. Біз бұл тату көршілікті Қазақстанның тұтас Еуразиядағы сенім мен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық артықшылығы деп білеміз. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттарымен және Еуропа Одағымен ұзақ мерзімді ықпалдастықты кеңейтіп, Таяу Шығыспен, Азия және Жаһандық Оңтүстік елдерімен байланысты күшейтеміз. Жапонияның Қазақстан үшін маңызы зор. Сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне жол ашу мақсатында достығымыз бен қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдетуге ниеттіміз. Геосаяси тұрғыдан жікке бөлінген әлемде Қазақстанның мұндай теңгерімді әрі тура ұстанымы конструктивті дипломатияны қуаттай түседі, – деді Президент.