Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілінің Братиславаға жұмыс сапары өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Словакиямен арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылау үшін жұмыс сапарымен Братиславаға барды.
Сапар аясында Словакия Ұлттық Кеңесінің (Парламентінің) вице-төрағасы Юрай Бланармен және Ұлттық Кеңесі Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мариан Керимен, Сыртқы және еуропалық істер министрі Иван Корчокпен және Словакия Президенті Кеңсесінің сыртқы байланыстар департаментінің директоры Яна Кобзовамен кездесулері өтті.
Кездесулерде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды. Ержан Қазыхан Қазақстан Словакияны Еуропалық Одақтағы сенімді әрі перспективті серіктес ретінде қарастыратынын және елдеріміз өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән беретінін айтты. Сондай-ақ ол Еуропалық Одақпен тиімді ынтымақтастықты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатының стратегиялық басым бағыты екенін атап өтті.
Словакиялық әріптестер Қазақстанның COVID-19-ға қарсы «QazVac» вакцинасын әзірлеу және енгізудегі жетістігін жоғары бағалады. Тараптар сонымен қатар вакцинация паспорттарын өзара тану мәселелерін талқылады.
Өткен кездесулер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан еліміздегі саяси жаңғырудың маңызы зор екені айтылды. Президенттің арнаулы өкілі Қазақстанның стратегиясы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес демократиялық құндылықтарды, адам құқықтары мен заң үстемдігін ілгерілетуге бағытталғанын жеткізді.
Кездесулерде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері, әлемдік қоғамдастықтың Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға күш жұмылдыруы жан-жақты талқыланды. Ауғанстанға БҰҰ, ЕО және халықаралық қаржы институттары тарапынан гуманитарлық көмек көрсетуде одан әрі тығыз және тиімді халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы және осы процестердегі Қазақстанның рөлі атап өтілді.
Сапар аясында Ержан Қазыхан Қазақстанда бизнес жүргізетін словак компанияларының басшыларымен кездесті. Екі елдің кәсіпкерлері машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика, жасыл технологиялар, инжиниринг, IT, ауыл шаруашылығы, қалдықтарды қайта өңдеу, фармацевтика және туризм салаларына өзара қызығушылық танытып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар келесі отырысы 2022 жылдың бірінші тоқсанында Братиславада өтеді деп жоспарланып отырған Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында пысықталмақ. Қазірдің өзінде Қазақстанда Словакия бизнесінің қатысуымен 30-ға жуық компания жұмыс істейді. Тараптар алдағы уақытта олардың саны арта түсетініне сенім білдірді.
Сапар барысында Ержан Қазыхан Finančné Noviny жаңалықтар мен талдау порталының бас редакторына эксклюзивті сұхбат берді. Сұхбатта Қазақстанның Словакиямен және Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары, сондай-ақ мемлекетіміздің экономикалық дамуының негізгі бағыттары айтылды.