Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда сайлау өткізу тәртібін заңнамалық деңгейде нақты бекіту қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі. Осы мәселені ерекше атап өткен жөн: қалған мерзім 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтуі тиіс деген норма негізгі заңда нақты бекітілуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл мен үшін өзгермейтін, маңызды ұстаным. Осы норма мемлекет басшылары үшін де ешқашан өзгермейтін қағида болуға тиіс, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, оның орнына ел тізгінін кім қолға алатынын айтады.