Нұр-Сұллтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Мамин мен Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваны қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Премьер-министр Асқар Мамин президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері, шетелдік инвестицияларды тарту барысы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру, өңірлерді дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Асқар Мамин президентке 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жобасы жайында да ақпарат берді.
Мемлекет басшысы премьер-министрге қазан айының ортасында өтетін экономикалық даму мәселелеріне арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысына дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды.
Сенат Төрағасы президентке Парламенттің жоғары палатасы жұмысының жай-жапсары мен заң шығару қызметінің жоспары туралы айтты. Президент Жолдаудың негізгі бағыттарын сапалы заңнамамен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.