Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында прокуратураның қадағалауын азаматтар мен бизнестің проблемаларын тиімді шешуге қайта бағдарлауды тапсырды. Осыған орай Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Б. Дембаев пікір білдірді.
Жолдауға айтылғандай, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы қадағалауды күшейтуге бағытталған бірқатар шаралар қабылданды. Ел Президенті «Прокуратура туралы» Заңға түзетулерге қол қойды, ол 2021 жылғы 4 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар тарапынан араласу фактілері бойынша өтініштерін прокурорларға қарау құзыретін беру оның негізгі жаңашылдықтарына жатады. Бұрын мұндай өтініштер уәкілетті органдарға жіберілетін - дейді Дембаев.
Енді прокурорлар бизнес субъектілерінің шағымдарына жедел әрекет етіп, олар бойынша тексерулер жүргізеді, қажетті ақпаратты өздері белгілеген мерзімде сұратып және түсініктеме алу үшін адамдарды шақыра алады.
Заңсыз қолданылған шектеу және тыйым салу сипатындағы шараларды дереу жоюға прокурордың өкілеттігі болады. Мысалы, шоттарды негізсіз бұғаттау, мүлікті пайдалануға тыйым салу, қызметін, жұмысын уақытша тоқтата тұру және өзге де шектеулер. Мемлекеттік органдардың бұл шаралары азаматтар мен бизнес үшін өте сезімтал. Олар кез келген кәсіпорынды толығымен тоқтатып, оның жұмыскерлерін табыстарынан айыруы мүмкін. Егер прокурор осындай фактілерді анықтаса, олардың күшін жою туралы қаулы шығарады. Ол орындау үшін міндетті - дейді ол.
Мемлекеттік орган осындай қадағалау актісіне шағым жасаған жағдайда, азаматтар мен кәсіпкерлер сот дауына тартылмайды.
Тек прокурор мен орган ғана сотта өз ұстанымдарын дәлелдейтін және негіздейтін болады. Сонымен бірге дауланған прокурордың қаулысы өз күшін тоқтатпайды. Бір мезгілде қаулыны орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі (ӘҚБтК-нің 664-1-бабы – 30 АЕК-ге дейін айыппұл салуға әкеп соғады). Азаматтар мен бизнес үшін қосымша кепілдік ретінде прокурордың ұсынуында көрсетілген заңдылықты бұзушылықтарды жоюға бағытталған шараларды қабылдау және орындау міндеттілігін енгізу болып табылады. Жалпы, қабылданған жаңашылдықтар прокуратураның құқық қорғаушылық әлеуетін айтарлықтай күшейтеді. Олар лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекеттеріне жедел ден қойып ғана қоймай, азаматтар мен бизнес үшін жағымсыз салдарлар туындағанға дейін олардың жолын кесуге мүмкіндік береді - дейді Дембаев.