Тараз, BAQ.KZ тілшісі. "Билік неге кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасай береді?" деген сауалды жиі естимін. Шынында да, біздің елде кәсіпкерлердің бизнесін дамытуына жеңілдік көп.
Шағын және орта бизнесті ілерілету үшін кәсіпкерлерге даңғыл жол ашылған Бұл ең алдымен, билік пен халықтың сабақтастығын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауына байланысты Қазақстанның құрметті журналисті, жазушы-публицист
Мақұлбек Рысдәулеттің пікірі осындай.
Бұдан бұрын жылдар бойы шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысына тексеру жүргізуге мораторий жарияланғаны белгілі. Бір емес, бірнеше рет. Салық төлеуде де әлденеше рет жеңілдік жасалды. Олардың кәсіпкерлікпен айналысуына кедергі болатындардың бәрін алып тастады. Тіркеу, құжаттар жинау, тағы басқа көптеген рәсімдер мақсатты түрде жеңілдетілді. Елбасының да Қазақстан халқына арнаған барлық Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамыту тұрақты айтылған, сол бағытта жұмыс жүргізу міндеттелген. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да көрініс тапты, - деген ол мұның себебіне де жауап береді.
Жазушының пікірінше, шағын және орта кәсіпкерлік – орта тапты қалыптастырудың негізгі өзегі. Ал қоғамда орта тап басымдылыққа ие
болмай, тұрақтылық пен береке орнықпайды. Сонда ғана әлеуметтік әділеттілік салтанат құрады. Осы қағида күнделікті өмірімізге тереңдеп енбей, дәстүрімізге айналмай, мемлекеттің ынтымақ, береке, ең бастысы тұрақтылыққа қол жеткізуі екіталай. Сондықтан кез келген мемлекет ұстанған бағытына қарамай, алдымен орта тапты қалыптастыру шараларын жүзеге асыру керек.
Әртүрлі жолмен ие болған мүлікті, қаржыны заңдастырудың астарында да Отанымызда шағын және орта бизнесті дамыту көзделіп отырғаны анық.
Қуанатын бір жағдай, шағын және орта кәсіпкерлікті шаруашылықтың барлық саласында дамыту елімізде кең көлемде қолға алынуда. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығына жасалатын қолдаулар көңіл қуантады. Тіпті, осыған дейін ешбір кепілдікке дүние қоймай шаруасын түзеймін дегенге 3 миллион теңгеге дейін несие беру жүзеге асты. Енді ауылға бөлінетін қаржының мақсатты пайдалануын бақылауды күшейту талап етілді. Бұған субсидияларды қосыңыз. Шағын несие беру жетілдірілетін болады. Жолдау жолдарында бұл міндеттер нақты айтылған.
Осылай деген Мақұлбек Рысдәулет мұның бәрі орта тапты қалыптастыруға, сол арқылы әлеуметтік әділеттіліктің салтанат құруына
негіз қалайды деп санайды. Бұл қағида орнықпаса, қоғамда қайшылықтар туындауы мүмкін. Ал шағын және орта бизнесті дамыту – тәуелсіздігіміздің баянды болуының өзегі.
Ең бастысы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын жақсартуды басты міндет етіп қойды. Бұл ұлтты жаңғырту екенін естен шығармау керек. Ұлттың сапасы халықтың рухына байланысты. Ол биік болса уақыттың сынынан, кезеңнің қатерінен аман қалады, мемлекет алға басады, - дейді журналист.Оның сөзіне қарағанда бұл тапқа дәрігер, мұғалім, мәдениет, құқық қорғау қызметкерлері, инженер-техниктер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, шағын және орта бизнес иелері, қоғамның басқа да топтары жатады. Бірақ олар көп емес.
Соңғы жылдары Ресейде орта тап азайып кетті деген сөз жиі айтылуда. Мұны экономистер мемлекеттік қызметшілердің қысқаруымен
байланыстырады. Бізде де да орта тапты негізінен мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтіндер құрайды. Олар білімді, зиялы топ. Тіпті бұған заңгерлерді де қосуға болады, - деген ойда қаламгер.
Ал шынында тұрақтылық пен берекеге бастайтын бұл топ біздің елде әлі биік сатыға көтеріле қойған жоқ. Оны шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің төмен болуы айғақтайды. Сондықтан да бұл өзекті мәселе президентті толғандырады. Бұл Жолдау әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі болып табылатындығын қазақстандықтар жақсы түсінуі керек.