Президент Қарағайлы ықшам ауданындағы құрылыс жұмыстарымен танысты

15 Қазан 2020, 13:36
1497
Бөлісу:
Президент Қарағайлы ықшам ауданындағы құрылыс жұмыстарымен танысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семейге жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы көлемі 203 гектар болатын Қарағайлы ықшам ауданында салынып жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысты, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Ықшам аудандағы тұрғын үй қоры 787,7 мың шаршы метр. Физика-математика пәндерін тереңдетіп оқитын 720 оқушыға арналған Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталған. Жанында 120 орындық жатақханасы бар. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық балабақша салынған. Жуырда Қарағайлы ықшам ауданында 1405 пәтерлі 20 тұрғын үй пайдалануға берілген.

таныс.jpg

Сондай-ақ Қарағайлыда 3 мектеп, 6 балабақша, мұз модулі және оңалту орталығы салынады.

Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысын дамытуға қатысты тапсырмасы өз нәтижесін беруде. Соңғы екі жылда 200-ден астам мұқтаж отбасыға Қарағайлы ықшам ауданынан пәтер берілген. Көп балалы аналармен кездескен Президент мемлекет әлеуметтік қолдауды жалғастыра беретінін айтты.

Үкімет көп балалы аналарға, мұқтаж отбасыларға ұдайы көмек беріп келеді. Әр түрлі жеңілдіктер қарастырып отыр. Ең бастысы, өздеріңіздей көп балалы аналардың еңбекке ерекше деген талпынысы қуантады. Бала тәрбиесімен айналысып қана қоймай, халықты жұмыспен қамтып отырған игі істеріңіз өзгелерге үлгі болуы керек. Сондықтан сіздерді әрдайым қолдай береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
каргалы1.jpg

Көп балалы аналар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көрсетіліп жатқан қолдауға, кәмелеттік жасқа толмаған 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға берілетін әлеуметтік жәрдемақы сомасының ұлғаюына, Семейді дамытудың кешенді жоспарының қабылдануына қатысты алғыстарын айтты. Сонымен қатар отбасылық бизнесті дамытуға берілетін гранттардың тізімін кеңейту, грант сомасын ұлғайту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Президент Қарағайлы ықшам ауданындағы бірегей спорт кешенін аралап көріп, мұндай нысан Қазақстанның әр қаласында салынуы қажет екенін атап өтті.

 


Өзгелердің жаңалығы