Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII Съезінде жас және қабілетті кадрларға жол бермеу үлкен кемшілік екенін айтты.
Біздің партия кадрлардың орталығына айналып, сайлаушылармен жұмыс істей білетін заманауи саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлерін дайындауы керек. Бүгінде елімізде саяси менеджерлерді даярлау ісі, шынын айтқанда, ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси көшбасшылар әртүрлі мамандық иелерімен, жастармен, журналистермен, халқымыздың атынан шыққан әрбір адаммен сөйлесуі керек. Бізде мұндай адамдар көп, - деп айтты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев XXII партия съезі кезінде әлеуметтік лифттің жоқтығы туралы айтты.
Біз жас және қабілетті кадрларға жол бермейміз, бұл - біздің үлкен кемшілігіміз. Бұл ретте партия құрылымында саяси басқару академиясы жұмыс істейді, оның жұмысын айтарлықтай күшейту керек. Бір реттік семинарлар мен тренингтерден депутаттарды, әкімдерді, министрлерді және басқа да партиядан ұсынылған кандидаттарды толыққанды оқыту бағдарламаларына көшу қажет, - деп атап өтті ел Президенті съезде.
Тоқаевтың сөзінше, жүйелі негізде партия белсенділерін жер-жерлерде оқыту үшін көшпелі оқулар өткізілуі керек.
Мен атап өткен барлық тапсырма мүмкіндігінше тезірек орындалуы керек. Сайлаушылардың партияға сенімін арттыру үшін бұрынғы формальды жұмыс әдістерінен бас тарту керек, - дейді ол.