Президент көтерген мәселелер ауыл мектептерінің дамуын қарқындатады – ұстаз

27 Мамыр 2020, 15:26
1736
Бөлісу:
Президент көтерген мәселелер ауыл мектептерінің дамуын қарқындатады – ұстаз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен қала мектептері арасында 1,5 жыл алшақтық бар екенін айтты. 

Ауылдағы мектептердің жағдайы мен инфрақұрылымын жақсарту бойынша көп өзекті мәселелер көтерілді, дейді Біржан сал ауданына қарасты орта мектепте 40 жыл жұмыс істеген зейнеткер ұстаз Қаламқас Ғаббас.
Ауыл мен қала мектептері арасында айырмашылық айтарлықтай бар. 40 жыл ауылдық мектепте жұмыс істеген мен үшін бұл жаңалық емес. Ауылда білікті мамандардың жетіспей, бір мұғалімнің бірнеше пәннен сабақ беру жағдайы да кездеседі. Білікті мамандар көп жағдайда ауылдық мектептерге жұмыс істеуге келе бермейді. Себебі, көп жастар ауылда инфрақұрылым мен қолайлы өмір сүруге жағдай жоқ деп есептейді. Оларға мектепте берілетін еңбекақы мөлшері де аз болып көрінуі мүмкін, - деді ол.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының білім саласына қатысты көтерген мәселелердің барлығы өзекті.
Ауылдарда қашықтан оқыту да қиынға соққаны белгілі. Өйткені, желі әрқалай жұмыс істейді. Кейбір ауылдарда мүлдем желі ұстамайтынын да білеміз. Ал, қалада оқушылар қалаған ақпаратына интернет арқылы қол жеткізе алады. Олардың сол үшін білім сапасы да жоғары, көкжиектері де кең болады. Сондықтан ауылдағы білім сапасын арттыруға Президенттің өзі ден қойғаны қуантады. Бұл болашақ ұрпақтың сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - деді Қ.Ғаббас.

Өзгелердің жаңалығы