Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тоқаев индустрия саласында мықты орта кәсіпкерлікті қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Мен осы мәселені бірнеше рет көтердім. Алайда, әлі күнге дейін жүйелі жұмыс жоспары жасалған жоқ. Қандай басымдықтар болуы керек, кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі деген сұрақтардың жауабы әзірге белгісіз. Жалпы, елімізде заманға сай жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік жетеді. Мысалы, ірі мұнай-газ және тау-кен компаниялары жер қойнауын игеру кезінде озық технологияны пайдалана отырып, ұлттық экономиканың құрылымын өзгертуге тиіс, - деп айтты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елімізде жол және құрылыс техникасын, энергетика саласына, суару жүйесіне қажетті құрал-жабдықтар мен басқа да көптеген дайын өнім шығаруға болады. Мұндай өндірістерді қазірден бастап қолға алмасақ, құрал-жабдық импортына толық тәуелді болып қалуымыз әбден мүмкін.
Сондықтан индустриялық саясат инфрақұрылымды жаңғырту және минералды-шикізат кешенін дамыту жоспарына сай жүргізілуі өте маңызды. Осы орайда, еліміз машина жасау саласында біршама табысқа жетті. Енді автокөлік құрастырудың анағұрлым күрделі деңгейіне біртіндеп көшу керек. Елімізде өңдеу өнеркәсібінің басқа да болашағы зор салаларын дамытқан жөн. Сондай-ақ ішкі нарықтың сұранысын толық өтегеннен кейін бизнесті экспортқа шығуға бағыттау қажет. Мұндай қадам кәсіпкерлеріміздің бәсекеге қабілеті жоғары екенін көрсетеді, - дейді ол.
Нақты секторды ұзақ мерзімге арналған қаржымен қамтамасыз ету – өнеркәсіп саласын қарқынды дамытудың негізгі шарты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін тиімді пайдалану – осы мәселені шешудің бір амалы. Бұл ретте, әрине, міндетті түрде зейнетақы жинағының сақталуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан, экономиканы әртараптандыруға және индустрияландыруға ықпал ететін жобаларды мұқият іріктеу қажет.