Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Ең алдымен, Ғылым қызметкерлері күні баршаңызға құтты болсын деймін. Осы белгілі мереке қарсаңында Ақордаға жиналып, бас қосу жақсы дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі және айрықша ықыласының көрінісі. Себебі кез келген дамыған, яғни, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым. Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, «ғылым-білім бар жұрттар» ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз, - деді Тоқаев.
Президент ғалымдардың ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мол үлес қосып отырған еңбектерін атап өтті.
Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Хакім Абай айтып өткендей, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тағылым. Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз керек, - деді Президент.