Президент ЭЫДҰ бас хатшысы Матиас Корманмен кездесті

28 Наурыз 2024, 16:00
805
Бөлісу:
Президент ЭЫДҰ бас хатшысы  Матиас Корманмен кездесті
PHOTO
Фото: Ақорда

Боао Азия форумының аясында Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бас хатшысы Матиас Корманмен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақрдаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Бас хатшыға ілтипат білдіре отырып, оның Боао форумына қатысуы ЭЫДҰ-ның Азияға айрықша назар аударатынын дәлелдейді деп атап өтті.

Президент ЭЫДҰ бас хатшысы  Матиас Корманмен кездесті

Бұл аймақты алып экономикалық қауымдастық деуге болады. Сондай-ақ Қазақстан осы кеңістікте, кем дегенде, өңірлік өлшемде аса маңызды рөл атқарады. Форумда сөйлеген сөзімде ЭЫДҰ-мен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән беретініміз жөнінде айттым. Өкілдеріміз ЭЫДҰ комитеттерінің отырыстарына тұрақты түрде қатысады. Біз ұйымның ұсыныстарын ескеруге тырысамыз. Өздеріңізге мәлім, мен Қазақстанның экономикалық саясатын ЭЫДҰ-ның жоғары стандарттарына сәйкестендіру жөнінде мақсат қойдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ЭЫДҰ-мен ықпалдастық орнаған уақыттан бері Қазақстан бірқатар маңызды құжатқа қол қойғанын айтты. Бұдан бөлек, ЭЫДҰ-ның басқа да міндетті құқықтық институттарына қосылу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Президент ЭЫДҰ бас хатшысы  Матиас Корманмен кездесті

Матиас Корман ұйымның Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға бейілді екенін растады.

Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы байланыстар өте жақсы дамып келеді деп ойлаймын. Болашақта бұл қатынастарды кеңейту және нығайту үшін мол әлеует бар. Қазақстан өз саясатын ЭЫДҰ-ның стандарттары мен озық тәжірибесіне сәйкестендіруге ниетті екені қуантады. Сіздің реформаларыңыздың бағдарламаларына көмектесу және қолдау көрсету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Біз бүгінде алдымызда тұрған көптеген мәселені шешу мақсатында жаһандық ынтымақтастық деңгейін көтеруге мүдделіміз, – деді ЭЫДҰ басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Ұйымның өңірлік кеңсесін ашу жұмыстарын жалғастыру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ЭЫДҰ өкілдерін алдағы Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы