Президент ел дамуындағы оң өзгерістер бизнеске байланысты екенін жақсы түсінеді – сарапшы

21 Қаңтар 2022, 18:47
1806
Бөлісу:
Президент ел дамуындағы оң өзгерістер бизнеске байланысты екенін жақсы түсінеді – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі бизнес өкілдерімен кездесуіндегі сөзіне пікір білдірді. ҚазАқпарат пікірдің толық мәтінін жариялады.

Қазақстанның экономикалық саясатын ел игілігі үшін, халықтың әлеуетін көтеру үшін дұрыс жолға қою, жаңарту бойынша маңызды міндеттер мен оң шешімдер туралы бастамаларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 11 қаңтардағы үндеуінде ашып көрсетті. 

Бүгін Президент Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру үшін еліміздегі бизнес өкілдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Себебі ел дамуындағы оң өзгерістер көп жағдайда бизнеске байланысты екені бәрімізге мәлім. Алайда, мемлекет тарапынан бизнестің дамуын ілгерілететін қаншама мүмкіндіктер жасалғанымен, экономиканы әртараптандыру мәселесі әлі де сәтті шешілмей тұрғаны халық аузында. Бұған себеп – ұлттық табысты әділ бөлудің теңгерімсіздігі. Президент өз сөзінде келтірген деректер де оны растайды: «...Қазақстан әл-ауқатының жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етіп отырғанын мәлімдеді. Ал халықтың жартысының ай сайынғы табысы 50 мың теңгеден аспайды».

Бұл өте қауіпті үдеріс: әлеуметтік, мүліктік, табыстық теңсіздік, олигополия, әділетсіз бәсекелестік секілді ауытқулар түбінде елдің қауіпсіздігіне, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына жалпы дамуына нұқсан келтіретіні айдан анық. Қазақстан аймақтарының ішінде ең көп ақшалай кірістер дәстүрлі түрде Нұр-Сұлтанда (275,9 мың теңге) тіркелген. Тұрғындар арасында ең төменгі табыс Түркістан облысында белгіленді: 121,8 мың теңге – бірінші орында тұрған Нұр-Сұлтаннан бірден 2,3 есе және Қазақстан облыстары арасындағы табыс деңгейі бойынша соңғыдан кейінгі орында тұрған Жамбыл облысынан (151,8 мың теңге) 20 пайызға төмен. Табыс деңгейінін әруаландылығы салдарының бір ұшын біз қантар оқиғаларынан да сезіп үлгердік. 

Сол себепті бүгінгі бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысының көтерген мәселелері әділ бәсекелестік, бизнестің салықтық тазалығы, мемлекеттік саясаттың болжамдылығы мен кәсіпкерлерге ашықтығы және кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі төңірегінде өрбігені де биліктің бұл мәселелерді жіті қадағалап отырғаны мен бұл жолда бизнес өкілдерімен бірлесе оң шешімдерге жету міндетін алға қойып жатқанын толық аңғартады. 

Сондай-ақ оң үдерістердің бірі ретінде еліміздің инвестициялық саясатын сыртқа қарай емес, елдің игілігіне қарай бұру бастамасын ерекше айтуға болады. Қазақстанға инвестиция құятын елдердің үштігіне Нидерланды, АҚШ және Франция кіреді. Ұлттық банктің мәліметтерін lsm.kz сайты жариялады. 1990 жылдан бері АҚШ Қазақстанға 38,7 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Ал, қазіргі инвестициялық бәсеке заманында өзіміздің ішкі резервімізге сену, оны дамыту әлдеқайда ұтымды. Ол үшін да, Президенттің айтуынша, отандық компаниялар өз қаржыларын елімізге қайта инвестициялаудың жолдарын қарастыру жөн. Бұл отандық кәсіпкерлердің Қазақстанның алдында әлеуметтік, саяси жауапкершілігі.

 Жалпы, бүгінде отандық өндірісті, отандық инфрақұрылымды дамыту мәселесі ел басшылығының басты назарында деп айтсақ, қателеспейміз. Өндіріс – ол экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сонымен қатар, өндіріс – ол еңбек ресурстарының көзі. Егер экономикада жұмыс қолының тапшылығы орын алса, ол өз кезегінде бюджеттің және жүйені құраушы салалардың тікелей шығасына алып келеді. Ал сол жұмыс қолын көбейту мамандарды даярлаудан басталады. Сарапшылардың айтуынша, мамандар тапшылығының кесірінен Қазақстан жылда 1,4 трлн теңгені жоғалтады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша талдау жасаған Кәсіпкерлер палатасының айтуынша, 2021-2023 жылдары ең қажетті мамандар құрылыс және инженерлік-техникалық саласының мамандары болмақ. Астаналық компаниялардың өзі 277 мамандықтың тапшылығын айтып отыр, олар ең алдымен, құрылыс және инженерлік-техникалық саласының қызметкерлері. 

Елімізде техникалық, цифрлық, инженерлік мамандықтардың жетіспеуі жөнінде дабыл қағылғанына бірталай уақыт болды. Айта кетейік, 2019/2020 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтар бойынша 99 мыңға жуық студент тіркелген, бұл сол оқу жылындағы студенттердің жалпы санының 16 пайызын ғана құрайды. Қомақты шикізат ресурстары бар Қазақстан үшін бұл төмен көрсеткіш.

 Мемлекет басшысы да бұл проблеманы шешуде еліміздегі білім беру жүйесін қайта форматтау, басымдықты техникалық арнаға түсіруіміз керектігін айтып отыр. Ол үшін «Болашақ» бағдарламасын да қайта бағдарлайтыны белгілі болды. Инженерлер мен өнеркәсіп өкілдерінің жаңа буынын өсіріп шығару қажет болып тұрғаны анық. Және Қазақстандағы кадр тапшылығын шешу мәселесі жаңа экономикалық саясаттың басым міндеттерінің біріне айналуы қажет. Сол себепті Болашақ бағдарламасы бойынша 2021 жылы қазақстандықтар 147 мамандық бойынша, оның ішінде 28 өнеркәсіптік инженерия бойынша тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Ең бастысы, бұл міндеттерді іске асыруда үйлесімді ыңғайларды қолдану. Айтқым келгені, білім беру саясатындағы теңгерімді саясатты ұстану, техникалық мамандарды дайындаймыз деп, басқа білім, ғылым салаларын да үйлесімді дамытуды жалғастыру, мамандармен, сарапшылармен ақылдасу секілді механизмдер. 

Қорыта келгенде, Мемлекет басшысының елдегі туындаған біршама проблемалардың басын ашып, халықтың арасындағы наразылыққа әкеліп соққан себептерді ашық көрсетіп жатқаны, үлкен өзгерістерге қадам басқаны қоғамда үлкен қолдауға ие. Ең бастысы бұл өзгерістер жолында – әр азаматтың ел болашағы үшін өз жауапкершілігі. «Маған біреумен жақсы қарым-қатынаста болғаннан гөрі мемлекеттің мүддесі маңызды» - деген Президенттің сөзі де осыған шақырғаны анық.

Өзгелердің жаңалығы