Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты пікірін білдірді.
Бүгін Egemen Qazaqstan газетінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды.
Шын мәнінде, бұл Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің мерейтойлық 30 жылдығындағы қазақстандықтарға арнаған алғашқы үндеуі. Мақалада оның тарихи маңыздылығы мен шынайы мәні терең ашылған.
Сонымен қатар, бұл мақала-еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында Тәуелсіздіктің бастауында тұрып, оның негізгі кезеңдеріне қатысқан және Елбасының табысты жолын жалғастырған саяси көшбасшының пайымы.
Оның мазмұндық негізін Президент «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық» және «Ұлағат пен ұстаным» деп белгіленген мемлекеттік егемендіктің мызғымас төрт сипатын да нақты тұжырымдаған. Олардың әрқайсысы «Тәуелсіздіктің құндылығы неде және оны қалай сақтау керек?» деген сауалға жауап берген құнды ойларға толы.
Мемлекет басшысының осы бағдарламалық мақаласының постулаттары Тәуелсіздіктің 30 жылдығында мемлекеттік органдар мен қоғам үшін ерекше міндеттер жүктеп, бағат-бағдар берді.
Біздің мемлекетіміз бен қоғамымыз дұрыс тұжырымдар жасап, нақты жетістіктермен Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына мақтанышпен енетіне сенімдімін, - деп жазды Аида Балаева.