Президент бірлескен ірі жобаларды бақылауға алатынын мәлімдеді

18 Қаңтар 2023, 09:42
1392
Бөлісу:
Президент бірлескен ірі жобаларды бақылауға алатынын мәлімдеді

Президенттің Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары өтіп жатыр. Бұл – биылғы алғашқы шетелдік сапар. Жұмыс кестесі маңызды іс-шараларға толы. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, экономикалық және көлік-логистика байланыстарын нығайту – аталған сапардың негізгі мақсаты.

Кеше Мемлекет басшысы «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, инвесторларды Қазақстанда «жасыл» жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырды.

Ал бүгін Президент Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Қазақстан мен БАӘ арасында берік сенім орнаған. Кездесуде 9 келісімге қол қойылды. Әмірліктер елімізге 3 миллиард доллар инвестиция құйды. 2022 жылы тауар айналымы 600 миллион долларға жетті. Алайда Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға жеткізу қажет деді.

Президент сондай-ақ Әмірліктердегі бірқатар ірі кәсіпкерді қабылдады. Олардың қатарында First Abu Dhabi Bank, Abu Dhabi Ports Group және Masdar компанияларының жетекшілері бар. Компаниялар елімізде түрлі салада бірлескен жобаларды іске асыруға қаражат құюға дайын. Мысалы, Masdar компаниясы Түркістан және Жамбыл облыстарында қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясын салады. Ал Abu Dhabi Ports Group Каспий теңізі мен оның маңайында көлік-логистика жобаларын іске асырады, - деп жазды ол.

Бұдан басқа да келісімдер аз емес. 

БАӘ елімізден 336 миллион долларға тауардың 100 түрін сатып алуға дайын. Қазақстан мен Әмірліктер арасында ауыл шаруашылығы саласында да ортақ жобалар жеткілікті. Phoenix Global компаниясы Алматы облысында экструдталған қоспа жем өндіретін зауыттың (құны 23 млн доллар) құрылысын аяқтап жатыр. Сонымен бірге 1000 гектар жерге жеміс бағын өсіреді (құны 76 млн доллар).

Екі ел ынтымақтастығы аясында Қазақстанда қант зауыты мен жел электр станциясын салу, "жасыл" энергетика бойынша кәсіпорын құру, жалпы құны 5 млрд долларға жуық инвестициялық платформаны іске асыру да жоспарланып отыр.

Президент аталған жобалар Қазақстан экономикасының дамуына оң әсерін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ барлық ірі бірлескен жобалар мен бастамаларды жеке өзі бақылауға алатынын мәлімдеді.

Шетелдік инвесторларды Қазақстанға шақырып, экономикамыздың әлеуетін арттыру – Президенттің шетелдік сапарларының басым бағыты.

Мемлекет басшысы көрсеткен қонақжайлылығы және мазмұнды келіссөз жүргізгені үшін БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты, - деп жазды Руслан Желдібай.

Өзгелердің жаңалығы