Мемлекет басшысы БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен ШЫҰ саммитіне Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілді делегациясының қатысқаны үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы еліміз БАӘ-мен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.
Кездесуде бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген сауда-экономика және инвестиция салаларындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық инвестициялық жобалар туралы бірлескен декларация аясындағы жұмыстарды жалғастыру қажет екеніне назар аударылды.
Сонымен қатар энергетика және көлік-логистика, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.