Қоғамымыз аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керек. Ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға тиіс. Аузымен орақ орғандар емес, істің адамы бағалануы қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тоқаевтың айтуынша, бүгінде еліміздегі қоғамдық өмірдің барлық саласы реформаланып, бірегей инновациялық стандарттар мен тәсілдер қолданылып жатыр. Мемлекеттік институттар мен экономикада ғана емес, ең маңыздысы, азаматтық сана-сезім мен ұлт менталитетінде байыпты әрі ауқымды жаңғыру үрдісі жүріп жатыр.
Соғыстан, дағдарыстан және қырғи-қабақ қатынастан көз ашпаған қазіргі әлемде мұндай жүйелі қоғамдық трансформацияның өзін бірегей тәжірибе деп атауға болады. Бірде-бір аймақта мұндай үлгі етер мысал жоқ. Қазақстан түбегейлі реформа жолына түсті, көзге айқын көрінетін өзгерістер жүріп жатқан елге айналды деп толық сеніммен айта аламыз. Осы жаңғыру жолынан жаңылмай, қол жеткізген нәтижелерді орнықтыру үшін ұлтымыздың тарихи дамуындағы негізгі аспектілерге қатысты ұстанымымыз бен көзқарасымызды өзгерткен жөн, - деп айтты Мемлекет басшысы Құрылтайдың алғашқы жиынында.
Президенттің сөзінше, қоғамымыз аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керек.
Ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға тиіс. Аузымен орақ орғандар емес, істің адамы бағалануы қажет. Жалғандыққа жаны қас, шындыққа жақ халық болғанымыз жөн. Бұл аса маңызды қағидаттар келешек ұрпақ идеологиясының өзегіне айналуға тиіс. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқымыз тарихта талай сынаққа қасқайып қарсы тұрды. Енді өзінің күш-қуатын даму көкжиегін кеңейтуге жұмылдырса деген тілек бар. Жасампаздық пен еңбек қана мұратымызға жеткізеді, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отырғанын айтты. Сөзінше, қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды.